НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ: «МАҚТААРАЛДЫҢ ЕҢБЕКҚОР ХАЛҚЫМЕН МАҚТАНАМЫЗ»

    1 / 19
    Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мақтаарал ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басымдықтарға тоқталды.
    – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру және реформаларды нақты нәтижелермен жалғастыру міндеттері атап өтілді. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда өңірлердің рөлі ерекше. Біздің басты мақсатымыз – инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру. Бұл жұмыстардың нәтижесі ең алдымен әрбір аудан мен ауылдың дамуынан көрінуі тиіс. Мақтаарал – ауыл шаруашылығы дамыған өңір. Біз Мақтааралдың еңбекқор халқымен мақтанамыз. Бүгінде ауданда бірқатар салада оң динамика қалыптасып, жаңа әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға берілуде. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп, инфрақұрылым жақсарып келеді. Қол жеткізілген нәтижелермен шектелмей, ауданның экономикалық әлеуетін толық пайдаланып, инвестициялық жобаларды көбейту, өндірісті дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмысты күшейтуіміз қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
    Облыс әкім ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталды. Оның айтуынша, 2026 жылдың 9 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 114,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,9 пайызға артқан. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 12,3 млрд теңгеге жетіп, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 8,4 млрд теңге болды. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 33,9 млрд теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 10,6 млрд теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңінен 7,9 пайызға артты. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 23,7 мың шаршы метрге жетті.
    Ауыл шаруашылығында биылғы 9 айда саладағы өнім көлемі 66,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,4 пайызға өсті. 2025 жылдың қорытындысында Мақтаарал ауданы облыс бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінен 6-орынға тұрақтаса, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысында 5-орынға көтерілді.
    Ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар жоба жүзеге асырылған. Өткен жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Үлгілі ауылында 600 орындық, Атакент елді мекенінде 1500 орындық екі мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен Еркінабад және Нұрлы жол елді мекендерінде 200 орындық мектептер салынды. Биыл жаңа оқу жылы қарсаңында облыстық бюджет есебінен 3,2 млрд теңгеге төрт білім беру ұйымы реновациядан өтіп, жаңғыртылды. Денсаулық сақтау саласында 2025 жылы Қарақыр, Ырысты, Өнімкер және Көк Арал елді мекендерінде төрт медициналық пункт ашылды. Жыл соңына дейін Алғабас ауылында дәрігерлік амбулатория мен Жамбыл елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пунктті пайдалануға беру жоспарланған.
    «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ж.Қалшораев және Ынталы елді мекендерінде екі жаңа мәдениет үйі салынды. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту нәтижесінде бес елді мекенге табиғи газ жеткізіліп, аудан толықтай газбен қамтылды. Бұдан бөлек, Мырзакент кентіндегі орталық саябақ қайта жаңғыртылып, тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасалды.
    Жол-көлік инфрақұрылымы да кезең-кезеңімен жаңартылуда. Жергілікті бюджет есебінен 37 елді мекеннің 31,4 шақырым ішкі көшесіне асфальт төселіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 81 пайызға жетті. Облыстық маңызы бар автомобиль жолындағы көпір күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар «Ташкент – Термез» халықаралық көлік дәлізінің аудан аумағындағы 24,1 шақырым бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Мақтаарал ауданының көлік-логистикалық әлеуетін арттыруда «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы маңызды орын алады. Жалпы құны 286 млрд теңгені құрайтын жобаның ұзындығы 172 шақырым. Оның 19 шақырымы аудан аумағынан өтеді. Құрылысты биыл желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.
    Облыс әкімі ауданның даму көрсеткіштерін одан әрі жақсарту үшін инвестициялық жобаларды көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуына ерекше назар аударуға шақырды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Үлгілі ауыл» конкурсына белсенді қатысу және «Таза аула», «Үздік көше» бастамаларын жүйелі жалғастыру қажеттігін атап өтті.
    Өткен жылғы тұрғындармен кездесу барысында көтерілген жеті мәселенің бесеуі толық орындалған, қалған екеуі бойынша жұмыстар жалғасуда.
    Ашық диалог форматында өткен жиында аудан әкімі Бақыт Асановтың есебі тыңдалған соң тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, облыс әкіміне ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Ауданды дамыту жолдары талқыланды. Көтерілген мәселелердің әрқайсысы назарға алынып, жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне тиісті тапсырмалар берілді. Кездесуден кейін өңір басшысы тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады. Көтерілген әрбір мәселе бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүреді.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Мақтаарал ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары