Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы әскери ортада заңдылықты нығайту, әскери қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізуде.
Әскери ортадағы заңдылықты қамтамасыз ету – әскери тәртіпті нығайтудың, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және Отан алдындағы міндетін адал атқаруға қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызды шарты.
Осы бағытта Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы құқық бұзушылықтардың салдарымен күресуге ғана емес, олардың туындау себептері мен жағдайларын ерте анықтап, алдын алуға басымдық береді. Бұл ретте цифрлық технологияларды енгізу, құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту және әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайын жақсарту негізгі бағыттардың бірі болып табылады.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың өтініштерін жедел қабылдау мақсатында әскери қызмет өткеруге байланысты заң бұзушылықтар туралы хабарлауға арналған чат-бот әзірленді. Бұл тетік азаматтарға, әскери қызметшілерге және олардың отбасы мүшелеріне өздерін алаңдатқан мәселелер жөнінде хабарлап, тиісті шаралардың қабылдануына ықпал етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар әскери бөлімдердің казармалары мен өзге де тұрмыстық үй-жайларына бейнебақылау жүйелері орнатылып, олардың бейнелері әскери полиция органдарының бақылауында болады. Мұндай тәсіл әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ықтимал құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және олардың алдын алуға бағытталған.
Профилактикалық жұмыстың нәтижелілігі тек бақылау құралдарымен шектелмейді. Әскери қызметшілер арасында сенім қалыптастыру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және туындаған мәселелерді уақтылы шешу де айрықша маңызға ие.
Осы орайда әскери прокуратураның қызметкерлері қолданыстағы заңнама нормаларына сүйене отырып, әскери қызметке қатысты өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Бұл жұмыс әскери қызметшілердің құқықтық білімін жетілдіруге, заң талаптарын дұрыс түсінуіне және құқық бұзушылықтарға жол бермеу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, әскери қызметтің маңызын түсіндіру және Отан қорғаушы мамандығына деген қызығушылықты арттыру да профилактикалық жұмыстың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Осы мақсатта мектеп бітірушілеріне арналған әскери бөлімдерге экскурсиялар ұйымдастырылып, С.Рахымов атындағы әскери колледж курсанттары үшін «Ашық есік күні» өткізіледі. Мұндай кездесулер барысында жастар әскери қызметтің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, әскери мамандықтардың ерекшеліктері мен Отан қорғаудың жауапкершілігі туралы түсінік алады.
Әскери-патриоттық тәрбиенің басты мақсаты – жастарды әскери қызметке қызықтыру ғана емес, олардың бойында тәртіпке, жауапкершілікке, отансүйгіштікке және заңға құрметпен қарауға негізделген азаматтық ұстаным қалыптастыру.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу ісінде заманауи технологияларды пайдалану ерекше маңызға ие.
Осыған байланысты Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы ведомствоаралық кеңес шеңберінде «Цифрлық профилактика» жобасын іске асыру мәселесін көтеріп, әскери бөлім командирлеріне жеке құрамға бақылауды күшейту, қауіп-қатерлерді ерте анықтау және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған цифрлық құралдарды енгізу жөнінде тапсырмалар берді.
Аталған бастама аясында Түркістан облысының әкімдігі Ұлттық ұланның 5574 әскери бөліміне қажетті цифрлық жабдықтарды сатып алуға қаражат бөліп, бет-әлпетті тану жүйесі (Face ID) енгізілді. Бұл жүйе рұқсатсыз кірудің алдын алуға және оларға қол жеткізуді жауапты тұлғалармен шектеуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, казармалық үй-жайларға қозғалыс датчиктерін орнату көзделуде. Бұл технология әскери қызметшілердің қозғалысын бақылауға, олардың ұзақ уақыт бойы қараусыз қалуы мүмкін орындарда болуын анықтауға және қауіп төнген жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ казармаларда мерзімді әскери қызметшілердің туыстарымен бейнебайланыс орнатуына арналған құрылғылар пайдаланылуда. Отбасымен тұрақты байланыста болу сарбаздардың эмоционалдық тұрақтылығын сақтауға және моральдық-психологиялық жағдайын жақсартуға оң әсер етеді.
Қазіргі уақытта осындай жүйелерді басқа да әскери бөлімдерге енгізу мәселесі қарастырылуда.
Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін алаяқтықтан, қаржы пирамидаларынан және өзге де қаржылық тәуекелдерден қорғау да назардан тыс қалмайды.
Осы мақсатта әскери бөлімдерде қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық стендтер орнатылды. Жеке құрамға күмәнді инвестициялық ұсыныстардың белгілері, оңай әрі жылдам табыс табуға уәде беретін схемалардың қауіптері және қаржылық шешімдер қабылдау кезінде заң талаптарын сақтау қажеттігі түсіндіріледі.
Мұндай жұмыстар әскери қызметшілердің қаржылық қауіпсіздігін нығайтуға, олардың алаяқтық әрекеттердің құрбаны болу қаупін төмендетуге және отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғауға ықпал етеді.
Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғауға да ерекше мән береді.
Осы бағытта кәсіпкерлермен және Кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездесулер өткізіліп, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуға, негізсіз кедергілер жасауға және кәсіпкерлердің құқықтарын шектеуге жол бермеу – заңдылықты қамтамасыз етудің маңызды талабы.
Әскери прокуратура өз құзыреті шегінде кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына назар аударып, заңсыз әрекеттерге жол бермеу және қылмыстық қудалау тетіктерін негізсіз пайдалануға жол бермеу бағытында қажетті шаралар қабылдайды.
Жалпы, Шымкент гарнизонының әскери прокуратурасы жүргізіп отырған профилактикалық жұмыстардың негізгі мақсаты – әскери ортада заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін нығайту және құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою.
Цифрлық технологияларды енгізу, құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыру, әскери-патриоттық тәрбие беру және моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту өзара сабақтас бағыттар ретінде жүзеге асырылуда.
Өйткені әскери тәртіп пен заңдылықты нығайту тек бақылау шараларымен шектелмейді. Ол әрбір әскери қызметшінің өз құқықтары мен міндеттерін білуіне, командирлердің жеке құрам алдындағы жауапкершілігіне және әскери ортада өзара құрмет пен сенім қағидаттарының орнығуына тікелей байланысты.
Заң үстемдігі сақталған жерде тәртіп нығаяды, ал қауіпсіздікке бағытталған жүйелі профилактика – құқық бұзушылықтардың алдын алудың басты кепілі.
Шымкент гарнизонының
әскери прокуроры
әділет полковнигі
Ғ.Маханбетов
Ғ.Маханбетов









