Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров болашағын құқық қорғау саласымен байланыстырғысы келетін 10 жасар Самұрықпен арнайы кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz. Самұрық Сұлтанхан үш жасынан бастап полиция формасын киіп, адамдарға көмектесіп, Заң мен тәртіптің сақшысы болуды армандайды. Кішкентай баланың осындай асқақ мақсатына бейжай қарамаған департамент бастығы оны жылы қарсы алды. Жас өреннің полиция қызметіне деген ерекше ықыласын жоғары бағалап, арманына жету үшін ең алдымен білім мен тәртіптің маңызды екенін түсіндірді.
Кездесу барысында ПД бастығы Самұрыққа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітабын сыйға тартып, оқуда озат, тәрбиеде үлгілі болуға шақырды. Арыстанғани Заппаров Самұрық білім алатын мектепте "Жас сақшы" полиция сыныбын ашуды тапсырды. Сонымен қатар жас өренді алдағы уақытта департамент ұйымдастыратын түрлі іс-шараларға қатыстырып, полиция қызметімен жақынырақ таныстыруды ұсынды. Самұрық полиция департаменті мен жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Ол облыс аумағындағы бейнебақылау камераларының жұмысын бақылап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қаншалықты жауапты міндет екенін өз көзімен көрді.
Бұдан кейін полицейлермен бірге профилактикалық рейдке шықты. Жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерге ескерту жасап, тәртіп сақшыларының күнделікті жұмысына куә болды. Бұл кездесу жай ғана баланың көңілін көтеруге арналған іс-шара емес. Ол жас ұрпақтың арманын бағалау мен полиция мамандығына деген құрметін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам еді.








