БИІКТІКТЕН ҚҰТҚАРУ, ЖЕДЕЛ ЭВАКУАЦИЯ: АУРУХАНАДАҒЫ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ

    1 / 18

    Науқастарды қауіпсіз жерге көшіру, биіктіктен құтқару және шұғыл қызметтердің үйлесімді әрекеті – оқу-жаттығудың басты бағыты.

    Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханада өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді. Адам өмірі мен денсаулығын қорғау тұрғысынан аса маңызды нысанда ұйымдастырылған жаттығу барысында шартты өртті сөндіру, науқастарды қауіпсіз аймаққа эвакуациялау және күрделі жағдайда адамдарды құтқару тәсілдері пысықталды.

    Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, аурухананың екінші қабатындағы қызметтік бөлмеде электр желісіндегі ақау салдарынан өрт шықты. Жалынның көршілес бөлмелерге таралу қаупі туындап, кезекші медбике өрт туралы 101 нөміріне хабарлады.

    Оқиға орнына гарнизонның шығу кестесіне сәйкес күштер мен құралдар жіберіліп, өрт сөндіру штабы құрылды. Нысанның электр мамандары электр желісін ажыратқаннан кейін құтқарушылар шартты өртті сөндіру және жалынның таралуына жол бермеу жұмыстарын жүргізді.

    Жаттығу барысында бірнеше маңызды құтқару тәсілі тәжірибе жүзінде пысықталды. Атап айтқанда, жоғары қабаттардағы адамдарды АЛ-30 автосатысы арқылы қауіпсіз аймаққа көшіру, реанимация бөліміндегі науқастарды сыртқа шығарып, медицина қызметкерлеріне тапсыру жұмыстары орындалды. Сонымен қатар, жедел-құтқару жасағының қызметкерлері альпинистік құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, адамдарды биіктіктен құтқару тәсілдерін пысықтады.

    Медициналық мекемелердегі төтенше жағдайлар ерекше дайындық пен жедел шешім қабылдауды талап етеді. Себебі науқастардың барлығы бірдей өздігінен қозғалып, ғимараттан шыға алмайды. Сондықтан мұндай жағдайда құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің үйлесімді әрекеті, эвакуацияны дұрыс ұйымдастыру және әр секундты тиімді пайдалану адам өмірін сақтауда шешуші рөл атқарады.

    Оқу-жаттығуға Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің 11 бірлік өрт сөндіру техникасы, жедел-құтқару жасағы мен Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем бригадасы, сондай-ақ сумен және электрмен жабдықтау қызметтерінің өкілдері қатысты.

    Мұндай оқу-жаттығулар төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруға, құтқару бөлімшелерінің кәсіби дағдыларын жетілдіруге және өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған. Басты мақсат – кез келген жағдайда адам өмірін сақтап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары