Жезқазған қаласының әкімдігі ұйымдастырған «Таза бейсенбі» акциясы бұл жолы жаңа форматта өтті. Қалалық мекемелердің қызметкерлері орталық көшелерде емес, Кеңгір ауылында тазалық жұмыстарын жүргізді.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында 100-ге жуық мемлекеттік қызметші, жастар мен еріктілер ауылды бірлесіп тазарту үшін жиналды. Акцияға Жезқазған қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев та қатысты.
Бастаманың басты ерекшелігі – қалалық мекемелер қызметкерлерінің ауылды абаттандыру жұмыстарына бірлесіп атсалысуы. Тазалық пен тәртіп қала орталығында ғана емес, оның құрамына кіретін барлық елдімекенде сақталуы тиіс. Сондықтан әрбір елдімекеннің дамуына көңіл бөлу маңызды.
Акция барысында қатысушылар тұрмыстық қалдықтарды жинап, ауыл аумағын ретке келтірді. Бастаманың мақсаты – бір реттік тазалық жұмыстарымен шектелмей, ауылдарға тұрақты түрде көңіл бөлу және туған жерге деген жанашырлықты нақты іспен көрсету.
Тазалықтың шекарасы жоқ. Қала мен ауылды абаттандыру – баршаға ортақ жауапкершілік.









