2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлер үшін арнаулы әлеуметтік төлем туралы

    2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда ұзақ уақыт еңбек еткен азаматтарды әлеуметтік қолдауға бағытталған арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.

    Аталған бастама Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыру шеңберінде жүзеге асырылып, еңбек жағдайлары зиянды өндірістерде жұмыс істейтін азаматтардың денсаулығын қорғауға және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.

    Арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындаудың негізгі шарттары:

    Арнаулы әлеуметтік төлем алу үшін азаматтың 55 жасқа толуы және оның пайдасына кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған болуы қажет. Бұл жарналар жұмыс беруші тарапынан жұмыскердің табысының 5 пайызы мөлшерінде аударылады.

    Аталған төлем, ең алдымен, металлургия, тау-кен өндірісі, энергетика және еңбек жағдайлары зиянды басқа да салаларда жұмыс істейтін азаматтарға арналған.

    Төлемді алу үшін азамат зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысын тоқтатуы тиіс. Бұл ретте жұмыскер жұмыс берушімен келісім бойынша еңбек жағдайлары жеңіл жұмысқа ауыса алады немесе еңбек шартын тоқтата алады.

    Арнаулы әлеуметтік төлемнің қаржыландыру көздері

    Арнаулы әлеуметтік төлем мемлекет, жұмыс берушілер, өмірді сақтандыру компаниялары және жұмыскерлердің ортақ жауапкершілігі қағидатына негізделген.

    Төлем төрт көзден қалыптастырылады: республикалық бюджет қаражаты, өмірді сақтандыру компанияларының төлемдері, жұмыс берушілердің қаражаты және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары.

    2026 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңгені құрайды. Осыған сәйкес республикалық бюджет есебінен төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері 101 702 теңге болып белгіленген. Сонымен қатар өмірді сақтандыру компаниялары мен жұмыс берушілер тарапынан тиісті төлемдер қарастырылған.

    Арнаулы әлеуметтік төлемнің жалпы мөлшері азаматтың зейнетақы жинақтарына және төлем көздеріне байланысты айқындалады. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес оның орташа мөлшері шамамен 220 мың теңгені құрайды.

    55 жасқа толған, қазіргі уақытта еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істемейтін, алайда бұрын кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған азаматтар үшін де тиісті әлеуметтік төлемдерді алу мүмкіндігі көзделген.

    Арнаулы әлеуметтік төлемдер азамат заңнамада белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін төленеді. Одан кейін жасына байланысты зейнетақы, базалық зейнетақы және жинақтаушы зейнетақы төлемдері тағайындалады.

    Қызылорда облысындағы көрсеткіш

    2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қызылорда облысында 972 азаматқа арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалып, төленуде.

    Бұл әлеуметтік қолдау шарасы еңбек жағдайлары зиянды өндірістерде ұзақ жылдар қызмет атқарған азаматтардың денсаулығын сақтауға, әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары