«Притобольский» саябағында жаңа стадион ашылды

    Республика күніне орай Қостанай қаласындағы «Притобольский» саябағының аумағында жаңа стадион пайдалануға берілді. Бұл – қаланың спорт инфрақұрылымын дамыту және тұрғындар үшін бұқаралық спортты қолжетімді ету бағытындағы маңызды қадам.

    Жаңа стадионда жасанды төсенішпен жабдықталған футбол алаңы және мың көрерменге арналған екі трибуна қарастырылған. Нысанды Қазақстан футбол федерациясының бірінші санаттағы сертификаттауынан өткізу жоспарланып отыр. Бұл балалар мен жасөспірімдер арасында футбол жарыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар стадион аумағында ұзындығы 400 метрлік жүгіру жолдары, волейбол және баскетбол алаңдары, сондай-ақ ұзындыққа секіруге арналған сектор бар.

    Жаңа спорт нысаны қала тұрғындары үшін қолжетімді болады. Мұнда футбол матчтарын, спорттық жарыстар мен түрлі бұқаралық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік бар.

    Стадион Қостанайдың спорттық өмірін жандандырып, жас спортшылардың әлеуетін дамытуға және тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қостанай қаласының әкімдігі" жаңалықтары