Айгерім Нұрахмет: іске ауапкершілікпен, адамдарға жанашырлықпен.

    Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Ішкі сауданы дамыту департаментінің сарапшысы Айгерім Нұрахмет білімін тәжірибеде қолданып қана қоймай, қоғамға нақты пайда әкелуді көздейтін жас мамандардың жаңа буынының өкілі.

    Оның жұмысында дәлдік, жүйелілік және әрбір істің мән-жайына мұқият көңіл бөлу маңызды орын алады. Айгерім сауда саласына инвестициялар тарту жөніндегі нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуге қатысып, инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын қадағалайды. Ол үшін сандар мен құжаттардың артында нақты міндеттер тұрғанын, олардың уақтылы әрі сапалы орындалуы маңызды екенін жақсы түсінеді.

    Айгерімнің кәсіби жолы 2025 жылдың күзінде министрлікте басталды. Аз уақыт ішінде ол өзін жауапты әрі бастамашыл маман ретінде көрсете білді. Еңбегі үшін Министрдің алғыс хатымен марапатталды. Жас маман үшін бұл — атқарылған жұмыстың бағалануы ғана емес, сонымен қатар кәсіби біліктілігін арттырып, жаңа міндеттерді игеруге деген ынтасын нығайтатын маңызды қолдау.

    Дегенмен, адамды оның кәсіби жетістіктерімен қатар, өзгелерге деген қарым-қатынасы да танытады. Айгерімге тән қасиеттердің бірі — айналасындағы адамдарға жанашырлықпен қарап, олардың қиындықтарына бейжай қарамау. Студенттік жылдары оның ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған орталықта волонтер ретінде көмек көрсетуі де осы адами қасиеттерімен байланысты. Бұл тәжірибе оған мейірімділік пен төзімділік танытып, ерекше көңіл бөлуді қажет ететін балаларға қамқорлық жасауға мүмкіндік берді.

    Айгерімнің өмірінде отбасының орны ерекше. Ол ата-анасын, әжелері мен аталарын айрықша құрметтеп, жақындарын қадір тұтады. Өзінің сүйіспеншілігі мен қамқорлығын тек сөзбен ғана емес, күнделікті ықыласы мен көңілі арқылы да білдіруге тырысады. Айгерімнің кескіндеме өнеріне деген қызығушылығы да ерекше мәнге ие. Ол сурет салуды он екі жасынан бастап, көркемсурет мектебін тәмамдаған. Бүгінде де сүйікті ісінен қол үзбей, әсіресе табиғат көріністерін бейнелеуге ықылас танытады. Салған картиналарын туыстарына, достары мен жақындарына сыйға тартуы — өнер арқылы көңіл қуанышын бөлісіп, айналасына жылылық сыйлаудың өзіндік көрінісі.

    Айгерімнің қызығушылықтары классикалық әдебиетті, кино мен музыканы және саяхаттауды да қамтиды. Грант негізінде магистратурада білім алу кезеңінде ол Еуропаның тоғыз еліне саяхаттаған. Әртүрлі елдердің мәдениеті мен дәстүрлерімен танысу оның дүниетанымын кеңейтіп, әлемге жан-жақты көзқараспен қарауына мүмкіндік берді.

    Айгерімнің бойынан іскерлік жинақылық пен жан дүниесінің нәзіктігі, кәсіби дамуға ұмтылыс пен адамдарға деген шынайы ықылас үйлесім тапқан. Оның өмір жолы нағыз кәсібилік тек білім мен тәжірибеге ғана емес, сонымен қатар өзгенің жағдайын түсіне білу, қолдау көрсету және айналаңа жылылық сыйлау сияқты адами қасиеттерге де байланысты екенін көрсетеді. Өйткені осындай қарапайым көрінетін, бірақ маңызы зор адами қарым-қатынастар сенім қалыптастырып, күнделікті еңбекке ерекше мән береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі" жаңалықтары