Б. Қонысбаев кеден бекетінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е. Дауылбаевтың төрағалығымен кеден бекеттеріндегі ауыр жүк көліктерінің кезегі, жол қауіпсіздігі және инфрақұрылымдық-логистикалық мәселелерге арналған дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Е. Тұрысов, сондай-ақ мемлекеттік органдардың басшылары мен орынбасарлары қатысты.
Дөңгелек үстел барысында Е. Тұрысов Қазақстан–Өзбекстан мемлекеттік шекарасындағы «Қазығұрт», «Қапланбек», «Б. Қонысбаев» және «Атамекен» автомобиль өткізу пункттерінің жұмысы, олардың өткізу қабілеті мен инфрақұрылымдық мүмкіндіктері туралы баяндады.
Аталған өткізу пункттері толық реконструкциядан өтіп, инспекциялық-тексеру кешендерімен, таразы жабдықтарымен, радиациялық бақылау жүйелерімен және басқа да заманауи техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде жүк автокөлік құралдарын өткізу мүмкіндігі едәуір артқан.
Сонымен қатар, «Жібек жолы» өткізу пунктінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Оның ашылуы Өзбекстан тарапымен келісу негізінде ағымдағы жылдың қараша айына жоспарланған.
Жиында халықаралық жүк тасымалы бағыттарындағы өзгерістерге де ерекше назар аударылды. Иран Ислам Республикасының айналасындағы қазіргі саяси-экономикалық жағдайға және дәстүрлі сауда бағыттарындағы шектеулерге байланысты халықаралық логистикалық тізбектер қайта бағдарлануда.
Жеткізілімдердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және ықтимал тәуекелдерді азайту мақсатында ирандық және халықаралық жүк тасымалдаушылар автомобиль көлігімен тасымалдау үлесін едәуір арттыруда. Иран, Түрікменстан, Өзбекстан және Қазақстанды байланыстыратын оңтүстік көлік дәлізі арқылы өтетін бағыттардың маңызы артып отыр.
Осының нәтижесінде Қазақстанға, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне және үшінші мемлекеттерге транзитпен бағытталатын ирандық жүктерді тасымалдайтын автокөлік құралдарының Түркістан облысындағы автомобиль өткізу пункттері арқылы өтуі көбейген. Бұл өткізу пункттеріне түсетін жүктемені арттырып, көлік ағынын тиімді ұйымдастыру, өткізу қабілетін сақтау және сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға, оның ішінде халықаралық тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау мәселелерінің өзектілігін күшейтті. Іссапар аясында жиынға қатысушылар «Қапланбек», «Жібек жолы» және «Қазығұрт» өткізу пункттеріне барып, олардың жұмысымен, инфрақұрылымдық жағдайымен және жүк пен жолаушылар ағынын ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысты.
Кездесу қорытындысы бойынша кеден бекеттеріндегі көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шекарадағы өткізу үдерістерін жетілдіру және халықаралық жүк тасымалына қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды.









