Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азаматшаға әлеуметтік қолдау көрсетілді

    Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті сотталған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу және олардың қоғамға қайта оралуына қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

    Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты қауіпсіздігі барынша төмен №26 мекемесінен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 53 жастағы азаматшаға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Бүгін ол бейімдеу орталығына орналастырылып, алдағы уақытта Алматы қаласындағы «Реванш» әлеуметтік бейімдеу қорында тұрақтайтын болады.

    Аталған шараның негізгі мақсаты – жазасын өтеуден босатылған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге жәрдемдесу және қалыпты өмірге оралуына қолдау көрсету.

    Мәліметке сәйкес, азаматша 2023 жылы Алматы облысы Іле аудандық сотының үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Кейін заңнамада көзделген тәртіппен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.

    Айта кету керек, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды қоғамға бейімдеу – қылмыстық-атқару жүйесі қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Себебі жазасын өтеп шыққан адамдардың алдағы өмірін дұрыс арнаға бағыттап, әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету олардың қоғамға сәтті бейімделуіне және қайта құқық бұзушылыққа жол бермеуіне ықпал етеді.

    Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 167-бабына сәйкес, жазасын өтеуден босатылған адамдарға заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті көмек көрсетіледі. Осыған орай, аталған азаматшаға да тиісті қолдау ұйымдастырылып, оның Алматы қаласына жетуі үшін жол шығындары толық көлемде қамтамасыз етілді.

    Сонымен қатар, азаматшаның әлеуметтік бейімдеу қорына орналастырылуы оның алдағы уақытта тұрақты тұруына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және өмірін жаңадан бастауына мүмкіндік береді.

    Қылмыстық-атқару жүйесінің міндеті – жазаны орындатумен ғана шектелмей, азаматтардың қоғамға қайта оралуына да жағдай жасау. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, адам құқықтарын сақтауға және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті" жаңалықтары