2026 жылғы 16 қазанда сағат 15:35 шамасында Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №67 (аралас қауіпсіздік) мекемесінде тыйым салынған заттарды өткізу әрекетінің жолы кесілді.
Аталған дерек «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы және «Қадағалау» республикалық режимдік-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды.
Мекеменің жедел-режимдік бөлім қызметкерлері мен сәлемдемелерді қабылдау пунктінің бақылаушылары азамат жеткізген азық-түлік өнімдеріне тексеру жүргізу барысында күдік тудырған заттарды анықтады.
Тексеру нәтижесінде «Head & Shoulders» сусабынының құтысының ішінен өзіне тән иісі бар ақ түсті ұнтақ тәрізді зат табылды. Оның болжамды салмағы 1–2 грамды құрады. Сонымен қатар 1 дана «Tele2 5G» SIM-картасы, 2 дана «Beeline 5G» SIM-картасы және 1 дана USB сымы тәркіленді.
Аталған заттар мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматқа арналған азық-түлік сәлемдемесінің ішінен анықталған. Сәлемдемені жеткізген азаматқа бұған дейін қамаудағылар мен сотталғандарға пайдалануға және сақтауға тыйым салынған заттардың тізімі түсіндіріліп, ол бұл туралы жазбаша түрде қол қою арқылы таныстырылған.
Аталған факті бойынша тиісті материалдар тіркеліп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Табылған заттар белгіленген тәртіппен тәркіленіп, сот-химиялық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде белгіленген тәртіп пен қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бақылау және тексеру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді. Тыйым салынған заттардың мекеме аумағына жеткізілуіне жол бермеу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.









