1
2026 жылғы 15 қазанда сағат 23:10 шамасында Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №58 мекемеде «Қадағалау» республикалық профилактикалық іс-шарасы аясында тыйым салынған заттарды мекеме аумағына лақтыру әрекетінің жолы кесілді.
Мекеменің сыртқы периметрін патрульдеу барысында №5 және №6 бекеттер аралығындағы №3 учаскеде қарауылдың дабылына жедел әрекет еткен жедел және режим бөлімдерінің қызметкерлері 5513 әскери бөлімінің әскери қызметшісімен бірлесіп, күдік тудырған азаматты байқаған.
Қызметкерлерді көрген азамат қоршау арқылы мекеменің күзетілетін аумағына скотчпен оралған үш түйіншекті лақтыруға әрекет жасаған. Қызметкерлердің үйлесімді әрі жедел іс-қимылының нәтижесінде аталған азамат оқиға орнында ұсталды.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылып, келгеннен кейін түйіншектер ашылып, тексеру жүргізілді. Нәтижесінде екі смартфон, үш дана ұялы телефонға арналған қуаттағыш, көлемі бір литр болатын насвайға ұқсас зат және көлемі бір литр спирттік құрамы бар сұйықтық анықталып, тәркіленді.
Жедел ақпаратты тексеру барысында аталған заттардың мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың біріне арналғаны анықталды.
Аталған факті бойынша тиісті материалдар рәсімделіп, оқиға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тіркелді. Заттар тәркіленіп, тиісті процессуалдық әрекеттер жүргізу үшін жедел-тергеу тобының қызметкерлеріне тапсырылды.
Ұсталған азамат әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін тиісті органдарға тапсырылды. Ал оқиғаға қатысы бар сотталғанға қатысты мән-жайларды анықтау мақсатында белгіленген тәртіппен шаралар қабылданды.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тыйым салынған заттардың өткізілуіне жол бермеу және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізеді.
Тыйым салынған заттарды түзеу мекемелерінің аумағына өткізуге әрекет жасау заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.









