2026 жылы жазғы маусымда Алматыдағы гүлмен безендірілген аумақтың көлемі 410 мың шаршы метрден асты. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 77%-ға көп. Біржылдық гүлдердің саны 2,7 миллионнан 4,3 миллионға, ал раушан бұталарының саны 125 мыңнан 580 мыңға дейін артты. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС мамандары айтты.
Ең ірі гүлзарлар Есентай өзенінің жағалауында (20 мың шаршы метр), Сайран су қоймасының бойында (15 мың шаршы метр) және Halyk Arena маңында (7 мың шаршы метрден астам) жасалды.
Биылғы жаңашылдықтардың бірі алма, аю, қар барысы мен тауыс пішініндегі тірі өсімдіктерден жасалған көлемді композициялар. Олар қаланың көркін арттырып, тұрғындардың ықыласына бөленді. Соның бірі Есентай өзенінің жағалауында орнатылған биіктігі 2,5 метр, ұзындығы 30 метр болатын тауыс бейнесіндегі гүл композициясы.
Өсімдіктерді іріктеу кезінде Алматының климаттық ерекшеліктері, олардың төзімділігі мен гүлдеу мерзімі ескерілді. Көгалдандыру жұмыстарының қызған шағында өсімдіктерді күтіп-баптауға күн сайын 400-ден астам маман мен 140-тан астам техника жұмылдырылды.
Күз түскен соң маусымдық гүлдерді жинау және қала аумақтарын келесі көгалдандыру маусымына дайындау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр.









