Омбудсмен Еуропарламент депутаттарымен кездесті

    1 / 5

    Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 23-отырысына қатысу үшін Қазақстанға келген Еуропалық парламент депутаттарымен кездесу өткізді.

    Делегация құрамына Еуропалық парламенттің Орталық Азия елдерімен және Моңғолиямен байланыс жөніндегі делегациясының (DCAS) мүшелері кірді.

    Кездесу барысында адам құқықтарын қорғаудың, ұлттық құқық қорғау институттарын нығайтудың өзекті мәселелері, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.

    Артур Ластаев еуропалық парламентшілерге Қазақстанда адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайтуға, құқық үстемдігін қамтамасыз етуге және адам құқықтарын қорғаудың ұлттық тетіктерін жетілдіруге бағытталған конституциялық және институционалдық реформалар туралы ақпарат берді.

    Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызметіне, азаматтардың өтініштерін қарау нәтижелеріне, адам құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізуге, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру жөніндегі бастамаларға ерекше назар аударылды.

    Омбудсмен сондай-ақ адам құқықтарын қорғау саласындағы жаһандық құрылымдармен өзара іс-қимылдың барысы мен Қазақстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерін іске асыру жөніндегі жұмыс туралы баяндады.

    Тараптар адам құқықтарын қорғау мәселелері бойынша, соның ішінде Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясында ашық әрі сындарлы диалогты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл" жаңалықтары