Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі Б. Райханова Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің төртінші курс студенттеріне «Еңбек шарты – еңбек жолын қауіпсіз бастаудың негізі» тақырыбында дәріс өткізді.
Кездесу барысында еңбек заңнамасының негізгі ережелері, еңбек шарттарын жасасу тәртібі, сондай-ақ жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің құқықтары мен міндеттері түсіндірілді.
Жастарды жұмыспен қамту, оның ішінде оқу мен жұмысты қатар алып жүру, өндірістік практикадан өту, еңбекақы төлеу, еңбек демалысын беру және еңбек қатынастары тоқтатылған кезде жұмыскерлердің құқықтарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Интерактивті форматта өткен кездесуде қатысушылар жас мамандардың алғаш жұмысқа орналасу кезінде кездесуі мүмкін практикалық жағдайларды қарастырып, еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін талқылады.
Іс-шара студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, еңбек заңнамасының бұзылуының алдын алуға және кәсіби еңбек жолын бастауға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.








