ЕҚЫҰ-ның ДИАҚБ Варшавадағы адам өлшемі жөніндегі конференциясы аясында халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығына арналған арнайы іс-шара барысында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев жаңа Конституцияның негізгі ережелерін және олардың адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы маңызын таныстырды.
Өз сөзінде Омбудсмен жаңа Конституцияны әзірлеуге әртүрлі әлеуметтік топтардың, өңірлердің және кәсіби қауымдастықтардың өкілдері қатысқанын атап өтті. Конституциялық комиссия азаматтардан келіп түскен 10 мыңнан астам ұсынысты қарады. Нәтижесінде өзгерістер Негізгі заңның 77 бабын, яғни 84%-ын қамтыды.
Жаңа Конституцияда адамға, оның өміріне, құқықтары мен бостандықтарына ерекше мән берілген. Негізгі кепілдіктер қатарында өмір сүру құқығы, жеке басына қол сұғылмаушылық және әділ сот талқылауына құқық, өлім жазасына тыйым салу, дербес деректерді қорғау, сөз және шығармашылық еркіндігі, сондай-ақ тұрғын үйді сот арқылы қорғау құқықтары белгіленген.
Уәкіл Қазақстан Халық Кеңесі атты жаңа конституциялық институт туралы да айтып, оның қоғамдық өкілдікті кеңейтуге және мемлекет пен қоғам арасында диалог орнатуға бағытталғанын атап өтті.
Қорытындылай келе, Артур Ластаев конституциялық реформаның жаңа Негізгі заңды қабылдаумен ғана шектелмейтінін, оның заңнаманы жаңарту және адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін іс жүзінде қамтамасыз ету арқылы жалғасып жатқанын атап өтті.









