Ағымдағы жылдың 27 қазанында Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Арал-Сырдария бассейіндік су инспекциясының ұйымдастыруымен Арал-Сырдария Бассейндік Кеңесінің кезекті 30-шы отырысы өтті.
Мәжіліске Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Серғазыұлы Нұрымбетов, Қызылорда, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдарының су және ауыл шаруашылығы мекемелерінің басшылары, су шаруашылығы саласының ардагерлері, ғалымдар мен қоғам белсенділері қатысты.
Күн тәртібінде Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елді мекендер шегінде орналасқан су объектілерінің су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу мәселелері және Арал-Сырдария бассейндік жоспарын әзірлеу жұмыстарының қорытындылары қаралды.
Комитет төрағасы өз сөзінде елімізде су ресурстарын басқарудың жаңартылған жүйесі және әрбір су шаруашылығы бассейні бойынша жеке даму жоспарлары әзірленіп жатқанын және бұл құжаттар аймақтық даму жоспарларын әзірлеу кезінде сол аймақтың нақты гидрологиялық ерекшеліктерін, халық пен экономиканың қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мәжілісте 2025 жылы қабылданған жаңа Су кодексінің ережелерін іс жүзінде қолдану бағыттары, Сырдария өзенінің су пайдалану балансы, су саласының кадрларын даярлау бағдарламалары және басқа да саладағы өзекті мәселелер талқыланып, тиісті ұсыныстар енгізілді. Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар Бассейндік кеңес шешімінің жобасын дайындап, уәкілетті органдар мен су пайдаланушыларға жолданатын нақты ұсынымдарды бекітті.
Сонымен қатар, жиында Комитет төрағасы С. Нұрымбетов Арал-Сырдария Бассейндік кеңестің тұрақты мүшесі, «Сыр мұрабы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақов Серікбай Ыдырысұлына Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің Құрмет Грамотасын табыстап, құттықтады.








