Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы Е. Хайруллин «ALTRA TYRES» ЖШС-де Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында жұмыс берушінің қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің еңбек шарттарын жасасу, өзгерту және тоқтату, жұмыс уақыты мен тынығу уақыты режимін сақтау, жалақыны уақтылы төлеу, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстарын беру, сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты негізгі нормалары түсіндірілді.
Мұндай іс-шараларды өткізу жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, еңбек заңнамасының бұзылуының алдын алуға, сондай-ақ жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Департамент Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының бұзылуының алдын алу мақсатында Батыс Қазақстан облысындағы ұйымдардың жұмыс берушілері мен жұмыскерлері арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырады.









