Ауылға кел, жас маман! БАҚ біз туралы

    Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері уақыт талабына сай жастарды жұмыспен қамтып, жас мамандарға қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалар саны артты. Соның бірі әрі бірегейі «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы 2009 жылдың 1 қаңтарынан бері жүзеге асырылып келеді.

    Әулиеата өңірінде де бағдарлама жемісті жүзеге асырылып, ауылдық елді мекендерге барған жас мамандарға тұрғын үй алуға немесе салуға несие беріліп, біржолғы көтерме жәрдемақы төленуде.

    Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Әбдіралиеваның айтуынша, биыл бағдарлама аясында тұрғын үй сатып алуға және салуға 152 маманға республикалық бюджеттен 1 505,1 миллион теңге қарастырылған. Оның ішінде денсаулық сақтау саласындағы 39 маманға 397,9, білім беру саласы бойынша 65 қызметкерге 637,9, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 3 азаматқа 30,3 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ мәдениет саласы бойынша 6 жасқа 64,9, спорт саласының 16 өкіліне 155,7, агроөнеркәсіптік кешені саласындағы 15 маманға 147, мемлекеттік қызметтегі 8 азаматқа 71,4 миллион теңге қарастырылыпты.

    – Осы жылдың бірінші қазанындағы дерек бойынша 51 маманға 494,9 миллион теңге бюджеттік кредиттер берілді. Сонымен қатар біржолғы көтерме жәрдемақы төлеуге аудандық бюджеттен 481 маманға 208 миллион теңге қарастырылды. Бұл бағытта есепті кезеңде 279 маманға 120,4 миллион теңге төленді. Ал былтыр облыста «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй сатып алуға және салуға 164 жас маманға республикалық бюджеттен 1466,6 миллион теңге бөлінген болатын. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 168 жас 1 464,6 миллион теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізді. Сонымен қатар былтыр біржолғы көтерме жәрдемақы төлеуге аудандық бюджеттен 426 маманға 167,5 миллион теңге берілді, – дейді Сандуғаш Ермаханқызы.

    Облыс әкімдігінің білім басқармасы тарапынан да жас педагогтарды білім беру ұйымдарына жұмысқа тарту мақсатында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын іске асыру шаралары тиімді жүзеге асуда. 2025-2026 оқу жылында 142 жас маман бағдарлама аясында ауылдық жерлерге жұмысқа қабылданып, көтерме жәрдемақы алыпты. Өңір бойынша 2025-2026 оқу жылында жас мамандардың жалпы саны 2 951-ді құраған. Оның ішінде 428 педагог осы оқу жылында жаңадан жұмысқа қабылданған. Еңбек жолын енді бастаған мамандардың кәсіби ортаға бейімделуіне қолдау көрсету мақсатында олардың әрқайсысына тәлімгерлер бекітілген. Бұл ретте педагог кадрларды толықтыру жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Сол секілді 2026-2027 оқу жылында облыс мектептеріне 700-ден астам педагог қызметке орналасқан. Олардың 565-і жас маман болса, оның ішінде 551-і жоғары білімді, 14-і орта білімді. Жоғары GPA көрсеткішімен білім алған жас түлектерді өңір мектептеріне жұмысқа тартуға да басымдық берілуде. Соның нәтижесінде 139-дан астам жас түлек конкурссыз жұмысқа қабылданып, облыстың білім беру ұйымдарына орналастырылған.

    Баянды бағдарламаның игілігін көрген жас мамандардың бірі – Перизат Абзалиева. Кейіпкеріміз 1991 жылы 15 желтоқсанда Жуалы ауданында дүниеге келген. Білім саласын өмірлік жолы ретінде таңдаған Перизат Берлібайқызы 2014 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын «Әлеуметтік педагогика» мамандығы бойынша грант негізінде қызыл дипломмен тәмамдаған. Оқу орнын аяқтаған соң бірқатар білім беру ұйымынан ұсыныс түскенімен, ол туған ауылында еңбек етуді жөн көрді. Осылайша сол жылы «Дипломмен– ауылға!» бағдарламасы арқылы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияға әлеуметтік педагог болып жұмысқа орналасады. Мектеп директоры Мұхит Наметқұловтың қолдауы мен ұжымдағы әріптестерінің сенімі Перизаттың кәсіби маман ретінде қалыптасуына айтарлықтай ықпал еткен.

    – Дипломымды қолыма алған соң бағдарлама ұсынған мүмкіндіктер арқылы туған жерге қызмет етуді жөн деп шештім. Ауылға келгеніме ешқашан өкінген емеспін. Осы жылдар ішінде мұғалімдік қызметімді атқара жүріп кәсіби тәжірибе жинақтап, жауапкершілікті, сабырлылықты және адамдарды түсіне білуді үйрендім. Ауылда да кәсіби дамуға, тәжірибе жинақтауға және өз қабілетіңді танытуға мүмкіндік мол. Ең бастысы – мамандығыңды сүю, үнемі іздену және өз ісіңе адал болу. Өзіме жүктелген міндеттер жайында айтар болсам, әлеуметтік педагог ретінде түрлі санаттағы отбасылар мен балаларға көмек көрсетемін.Олардың мәселесін шешуге атсалысу – күнделікті жұмысымның бір бөлігі. Әсіресе жасөспірімдермен жұмыс істеуде әр баланың мінезі мен жағдайын ескеріп, жеке тәсіл таба білу маңызды. Мен үшін баланы тыңдау, түсіну және оның сеніміне ие болу – басты қағидалардың бірі. Еңбек жолымның алғашқы жылдарында тәжірибенің аздығынан түрлі қиындықтар кездескенімен, әр жағдайдан сабақ алып, кәсіби шеберлігімді шыңдай білдім. Бүгінде де өз мамандығым бойынша ізденіп, білімімді жетілдіріп келемін, – дейді Перизат Абзалиева.

    Кейіпкеріміздің туған жеріне қайта оралғанына он жылдан астам уақыт өтіпті. Кезінде ауылға жас маман болып келген Перизат бүгінде осы мектептің тәжірибелі қызметкеріне айналды. Оның мектеппен байланысын одан әрі айқындай түсетін бір жайт, қазір осы білім ордасында өзінің төрт баласы да білім алып жатыр. Бұл оның туған жері мен өзі еңбек етіп жүрген мектебіне деген ерекше ықыласын аңғартады.

    «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында медицина саласында білім алған жас мамандар да ауылдық жерлерге жұмысқа орналасып, тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде. Қазіргі уақытта облыстағы мемлекеттік және жекеменшік денсаулық сақтау ұйымдарында барлығы 15 839 медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде 3 684-і дәрігер болса, 12 155-і орта буын медицина қызметкерлері. Соған қарамастан ауылдық елді мекендерде кадр тапшылығы әлі де сақталып отыр екен.

    Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, мемлекеттік медициналық ұйымдарға 100 дәрігер қажет екен. Оның 40-ы қалаға, 60-ы ауылдық жерлерге тиесілі.

    – Медицина саласындағы кадр тапшылығын азайту үшін жергілікті бюджет есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға гранттар бөлінуде. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органның грантымен «Жалпы медицина» мамандығы бойынша 72 білімгер оқып жатыр. Сонымен қатар резидентурада білім алуға 221 грант қарастырылған.Оқуды аяқтағаннан кейін өңірдегі мемлекеттік медициналық ұйымдарда бес жыл жұмыс істеу міндеттемесін алған 47 дәрігер өңірге келді. Қазіргі уақытта олардың жетеуі әлеуметтік демалыста, ал 98 дәрігер оқуын жалғастыруда. Білімін тәмамдап, жұмысқа орналасқан мамандар медициналық ұйымдардың кадрлық қажеттілігіне сәйкес тиісті орындарға бөлінеді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған жас мамандарды жұмысқа бөлу жөніндегі комиссияның қорытындысына сәйкес осы жылы облысқа 287 маман бөлінді. Есепті кезеңде олардың 135-і өңірге келіп, еңбек жолын бастады. Оның ішінде 47 маман қаладағы, 88-і аудандағы медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасты. Аймаққа келген дәрігерлер мен өзге де медицина мамандарын тұрақтандыру, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге дейін жергілікті бюджет есебінен 38 маманға біржолғы көтермеақы төленді. Атап айтқанда, 5 маманға 8,5 миллион теңгеден, 24 маманға 1,2 миллион теңгеден және 9 маманға 800 мың теңгеден берілді. Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне де көңіл бөлінуде. Тараз қаласы әкімдігі тарапынан 2 онколог дәрігерге қызметтік пәтер ұсынылды. Сонымен қатар облыстық психикалық денсаулық орталығы 2 дәрігердің, ал Меркі аудандық орталық ауруханасы 4 дәрігердің пәтер жалдау ақысын медициналық ұйымның қаражаты есебінен өтеп келеді. Бұған қоса медициналық ұйымдардың басшылары үшін денсаулық сақтау саласын кадрлармен қамтамасыз етуге қатысты негізгі нәтижелілік көрсеткіштері (KPI) бекітілді. Бұл көрсеткіштер мамандармен қамтылу деңгейін бағалауға және медициналық ұйымдардағы кадрлық қажеттілікті тиімді басқаруға мүмкіндік береді, – дейді басқарма басшысы.

    Масаншы ауылдық ауруханасында еңбек етіп жүрген Айжан Есенханқызы – бағдарлама аясындағы мүмкіндікті пайдаланған жас дәрігерлердің бірі. Ол Меркі ауданының тумасы, 2014-2021 жылдары Алматы қаласындағы С.Д.Асфендияров атындағы медициналық университетте «Жалпы тәжірибелік дәрігер» мамандығын меңгеріп, алғашқы еңбек жолын Қордай аудандық орталық ауруханасында бастаған. Оның жұмысы, ауыл халқына сапалы медициналық көмек көрсетуі науқастар тарапынан жоғары бағаланды. Сөйтіп, биыл наурыз айынан бастап Масаншы ауылдық ауруханасына жалпы тәжірибелік дәрігер болып еңбек жолын жалғастырады.

    – Бала кезімнен медицина саласына қызықтым. Әрі ауыл медицинасының дамуына өз үлесімді қосқым келді. Университетті аяқтай сала Қордай аудандық орталық ауруханасына жұмысқа тұрдым. Осы жылдың наурызында Масаншы ауылдық ауруханасына ауысқанда мен үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Бүгінгі таңда кәсіби міндетімді адал атқарып, ауыл халқына медициналық көмек көрсетіп келемін, – дейді Айжан Есенханқызы.

    «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы талай жастың үлкен өмірге қадам басуына жол ашқаны белгілі. Бағдарлама аясында жастар ауыл-аймаққа аттанып, елге қызмет етуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар бірреттік көтерме жәрдемақы алып, кейін тұрғын үй несиесіне қол жеткізу арқылы тұрмысын түзеп, баспана мәселесін де шеше білді. Осылайша бағдарлама жас мамандарға қолдау көрсетіп, ауылда тұрақтап, еңбек етуіне септігін тигізіп келеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" жаңалықтары