Петропавл қаласының Подгора шағынауданында жаңа спорт залы ашылды

    1 / 2

    Қазақстан Республикасының күніне орай Петропавл қаласының Подгора шағынауданында жаңа модульдік спорт залының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

    Жаңа спорт нысаны тұрғындардың дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуына қолайлы жағдай жасауға, балалар мен жастарды спортқа тартуға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.

    Заманауи спорт залы шағын футбол, баскетбол және волейбол ойындарына арналған. Нысанда тұрақты жаттығулар, спорттық жарыстар мен бұқаралық дене шынықтыру іс-шараларын өткізу жоспарлануда.

    Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылды.

    Солтүстік Қазақстан облысында спорт инфрақұрылымын дамыту шеңберінде үш жылдам құрастырылатын модульдік спорт залын орнату көзделген. Оның екеуі Петропавл қаласының Подгора шағынауданында, біреуі Уәлиханов ауданының Бидайық ауылында орналасады.

    Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 227 446 адам дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту, спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру және тұрғындарды салауатты өмір салтына тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

    Жаңа спорт залының ашылуы Подгора шағынауданының спорттық инфрақұрылымын нығайтуға, балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және спортпен шұғылданушылар санын арттыруға мүмкіндік береді.

    Аталған әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына, құрылыс ұйымдарына және осы іске атсалысқан барлық азаматтарға алғыс білдіреміз.

    Жаңа спорт нысаны шағынаудан тұрғындары үшін қолжетімді спорт орталығына айналып, жас спортшылардың қабілетін дамытуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге өз үлесін қосады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң дене шынықтыру және спорт басқармасы" жаңалықтары