Петропавлда Мәлік Мұрсәлімовты еске алуға арналған еркін және әйелдер күресінен республикалық турнир өтуде

    1 / 2

    2026 жылғы 23–24 қазан күндері Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан күрес мектебінің көрнекті өкілі Мәлік Уахитұлы Мұрсәлімовты еске алуға арналған 2010–2012 жылдары туған ұлдар мен қыздар арасында еркін және әйелдер күресінен республикалық турнир өтуде.

    Турнирге төрт елден – Қазақстан, Ресей, Армения және Қырғызстаннан 150-ге жуық жас спортшы қатысуда. Барлығы 16 делегация, оның ішінде Саха (Якутия) және Тыва республикаларының, Түмен, Ақмола, Ақтөбе және Қостанай облыстарының, Астана, Степногорск, Петропавл қалаларының, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы аудандарының өкілдері бақ сынауда.

    Қатысушылар 15 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсуде. Ұлдар 45, 48, 51, 55, 60, 65, 71, 80, 92 және 110 келі салмақ дәрежелерінде, ал қыздар 43, 49, 53, 57 және 61 келі салмақ дәрежелерінде мықтыларды анықтайды.

    23 қазанда турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Осы күні жекелеген салмақ дәрежелері бойынша алдын ала, жартылай финалдық және финалдық белдесулер өткізілуде. 24 қазанда жарыс жалғасып, қалған салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.

    Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен және дипломдармен марапатталады, ал чемпиондардың жаттықтырушыларына ақшалай сыйлықтар табысталады.

    Турнир Солтүстік Қазақстан облысында спорттық күрестің дамуына елеулі үлес қосқан Мәлік Уахитұлы Мұрсәлімовты еске алуға арналған.

    Мәлік Мұрсәлімов 1954 жылы Бостандық ауданының Бескөл ауылында дүниеге келген. Жастайынан қазақ күресімен айналысып, облыстық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Кейін жаттықтырушы болып еңбек етіп, өз білімі мен тәжірибесін жас спортшыларға үйреткен.

    1984 жылғы 24 қаңтарда Мәлік Мұрсәлімов қайғылы оқиға салдарынан өмірден озды. Қысқа ғұмыр кешкеніне қарамастан, ол Солтүстік Қазақстан спортының тарихында өшпес із қалдырды.

    Спортшыны еске алуға арналған іс-шаралар аясында 23 қазанда Петропавл қаласында Мәлік Мұрсәлімовке арналған ескерткіштің ашылу рәсімі де өтті. Оған спортшының туған-туыстары, жақындары және спорт қоғамдастығының өкілдері қатысты.

    Республикалық турнирді өткізудің негізгі мақсаты – спорттық күресті кеңінен насихаттау, жас спортшылардың шеберлігін арттыру, өңіраралық және халықаралық спорттық байланыстарды нығайту, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан спортының көрнекті өкілдерінің есімін ұлықтап, олардың жарқын бейнесін келешек ұрпақ жадында сақтау.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң дене шынықтыру және спорт басқармасы" жаңалықтары