Асқарбек Ертаев жұмыспен қамту, зейнетақымен қамсыздандыру және инклюзивті ортаны дамыту мәселелері бойынша азаматтарды қабылдады

    1 / 3

    Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев азаматтарды жеке қабылдап, Қостанай, Ұлытау және Алматы облыстарының тұрғындарының өтініштерін қарады. Көтерілген мәселелер жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, зейнетақымен қамсыздандыру, сондай-ақ инклюзивті ортаны дамыту және мүгедектігі бар адамдарды қолдау мәселелеріне қатысты болды.

    Азаматтарды қабылдауға министрліктің бейінді құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен тиісті ұйымдардың өкілдері қатысты. Әрбір өтініш бойынша азаматтарға қажетті түсініктемелер беріліп, көтерілген мәселелерді шешу бойынша алдағы шаралар айқындалды.

    Атап айтқанда, Қостанай облысының тұрғыны жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді сұрады. Кездесу барысында оған сұранысқа ие кәсіби дағдыларды меңгеріп, кейін жұмысқа орналасу үшін дәнекерлеуші мамандығы бойынша қайта даярлаудан өту ұсынылды. Оқу кезеңінде азамат уақытша жұмыспен қамтылатын болады. Кәсіптік оқуды аяқтағаннан соң тұрақты жұмысқа орналастыру үшін қолдау көрсетіледі.

    Осылайша өтініш берушіге уақытша жұмыспен қамтуды, кәсіптік оқытуды, артынан тұрақты жұмысқа орналасуды қамтитын кезең-кезеңімен қолдау көрсету тетігі ұсынылды. Азамат мұндай шешімді оң бағалап, көрсетілген көмек үшін алғысын білдірді.

    Алматы облысының тұрғыны инклюзивті ортаны дамыту және мүгедектігі бар адамдардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін көтерді. Қабылдау барысында қызметтердің қолжетімділігін арттыру, қолайлы жағдай жасау және мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шараларын күшейту бойынша бірқатар ұсынысы мен жобасын таныстырды.

    Асқарбек Ертаев өтініш берушінің бастамаларын қолдап, бейінді мамандарға ұсынылған жобаларды жан-жақты зерделеуді тапсырды. Сонымен қатар министр Алматы облысына жұмыс сапары аясында жобаларды ұсынған азаматпен жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен жеке кездесу өткізуге дайын екенін атап өтті. Кездесуде бастамаларды іске асыру мүмкіндіктері нақты қаралатын болады.

    Азаматтарды жеке қабылдау барысында зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріне қатысты өтініштер де қаралып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажетті түсініктемелер берілді.

    «Азаматтардың өтініштері халықтың қажеттіліктерін тереңірек түсінуге және мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіруге жол ашады. Біздің мақсатымыз – өтініштерге түсініктеме берумен ғана шектелмей, көтерілген мәселелерді шешудің нақты жолдарын ұсыну. Әрбір азаматтың өтінішіне ерекше назар аударып, оның мән-жайына қарай жеке тәсіл қолдану маңызды. Сонымен қатар берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы тұрақты бақылауда болуы керек», – деді Асқарбек Ертаев.

    Министр азаматтарды қабылдау қорытындысы бойынша министрліктің жауапты құрылымдық бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдарға өтініштерді одан әрі сүйемелдеу, ұсынылған бастамаларды пысықтау және азаматтарға қажетті қолдау көрсетуді тапсырды. Өтініштерді қарау нәтижелері азаматтарға белгіленген тәртіппен хабарланады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі" жаңалықтары