Алматы қаласының Бостандық ауданында қазақ эстрадасының аңызына айналған «Дос-Мұқасан» вокалды-аспаптық ансамбліне арналған шағын сәулет нысаны салтанатты түрде ашылды. Арт-нысан жаңартылған М. Масанчи көшесінде, Абай мен Сәтбаев даңғылдарының арасында орналасқан.
Ашылу салтанатына Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Алмас Кенесбай, Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев, сондай-ақ ансамбльдің негізін қалаушылар мен алғашқы мүшелері қатысты.
Арт-нысанның дәл осы жерде орналасуы кездейсоқ емес. 1967 жылы осы университетте төрт студент бірігіп, кейін қазақ музыкасының алтын қорына енген «Дос-Мұқасан» ансамблін құрған болатын.
Мейрам Бегентаев ансамбльді тұтас бір дәуірдің символы әрі университеттің мақтанышы деп атап, жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға алғысын білдірді.
Іс-шараға ансамбльдің алғашқы көркемдік жетекшісі Досым Сүлеев, композитор әрі гитарист Мұрат Құсайынов және Ұлықпан Сыдықов қатысты. Университеттің «Meir BAND» студенттік ансамблі «Дос-Мұқасанның» танымал әндерін орындап, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Арт-нысан Масанчи жаяу жүргіншілер көшесін абаттандыру аясында орнатылды. Бұған дейін мұнда жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар, веложолақтар, демалыс аймақтары мен террасалар жасалған болатын.
Жаңа арт-нысан қоғамдық кеңістіктің сәулеттік келбетін толықтырып қана қоймай, көшенің бай музыкалық және студенттік тарихын айшықтап, өскелең ұрпаққа қазақ музыкасының көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұрасын танытуға мүмкіндік береді.








