«МАНСАП КОМПАСЫ» – МАМАНДЫҚ ТАҢДАУҒА ЖӘНЕ КӘСІБИ ЖОЛДЫ ЖОСПАРЛАУҒА КӨМЕКТЕСЕТІН ПЛАТФОРМА

    ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтарға «Мансап компасы» цифрлық платформасының мүмкіндіктерін еске салады. Бұл платформа оқушыларға, олардың ата-аналарына және ересек азаматтарға кәсіп таңдауға, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды білуге және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен танысуға көмектеседі.

    2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша платформада 7-11-сыныптарда оқитын 34 596 оқушы кәсіби бағдарлау тестінен өткен. Тест нәтижесінде әр оқушыға болашақта қай бағытта жұмыс істеуге бейімі бар екенін анықтауға көмектесетін жеке ұсыныстар берілген.

    Тестілеуге ең көп қатысқан өңір – Қызылорда облысы. Мұнда 22 602 оқушы тест тапсырған. Шығыс Қазақстан облысында сервисті 3 497 оқушы пайдаланса, Жамбыл облысында – 2 675, Астанада 2 456 оқушы өткен.

    Мамандық таңдау – адам өміріндегі маңызды қадамдардың бірі. Өйткені ол болашақта қандай білім алатынына және кәсіби тұрғыда қалай дамитынына әсер етеді. Сондықтан мамандық таңдағанда адамның өз қызығушылығы мен қабілетін ғана емес, сол салаға қойылатын талаптарды, білім алу мүмкіндіктерін және еңбек нарығындағы жағдайды да ескерген жөн.

    «Мансап компасы» платформасында кәсіп таңдауға қажетті барлық ақпарат бір жерге жинақталған. Мұнда түрлі мамандықтармен танысып, оқу бағыттарын салыстыруға және болашақ кәсібін саналы түрде таңдауға болады.

    Платформаның негізгі құралдарының бірі – кәсіби бағдарлау тесті. Ол адамның қандай мамандықтарға қызығатынын және қай салаға бейімі бар екенін анықтауға көмектеседі. Тест нәтижесі бойынша пайдаланушыға өзіне қолайлы бағыттар ұсынылады. Осылайша, оқушылар өздерінің мықты тұстарын жақсырақ түсініп, қабілеті мен қызығушылығына сай келетін мамандықтарды анықтайды.

    Тестілеуден бөлек, платформада мамандықтар, қажетті дағдылар және білім алу мүмкіндіктері туралы ақпарат бар. Пайдаланушылар салаға, өңірге және жалақы деңгейіне қарай қарастыра алады. Сондай-ақ таңдаған мамандығын қай оқу орнында меңгеруге болатынын да біледі.

    Бұл сервис әсіресе оқушылар мен ата-аналар үшін пайдалы. Мамандықтарды бірге зерттеу арқылы болашақ мамандықтың түрлі нұсқаларын талқылауға, әр маманның немен айналысатынын, қандай білім мен дағды қажет екенін және оны қайдан алуға болатынын білуге болады.

    Айта кетейік, кәсіби бағдарлау тестінің нәтижелері ұсынымдық сипатқа ие. Сондықтан кәсіпті түпкілікті таңдағанда адамның жеке қызығушылығы мен қабілетін, білім алу мүмкіндіктерін және қажетті дағдыларды меңгеруге дайындығын ескеру маңызды.

    «Мансап компасы» ересек азаматтарға да қолжетімді. Мәселен, қызмет саласын өзгерткісі келетін, жаңа мамандық меңгеруді немесе кәсіби дамуының келесі бағытын анықтауды жоспарлаған адамдар платформаны пайдалана алады.

    Осылайша, «Мансап компасы» түрлі мамандықтармен танысып қана қоймай, білім алу мен мансап жолын жоспарлауға қажетті ақпарат алуға мүмкіндік береді.

    Цифрлық платформаны https://mansap.enbek.kz сайты арқылы тегін пайдалануға болады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті" жаңалықтары