Аягөз қаласында бөтеннің мүлкін ұрлаған 20 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шықты.
Анықталғандай, 2026 жылғы 25 шілдеге қараған түні қаскөй қызметкерлер мен бөгде адамдардың жоқтығын пайдаланып, гүл дүкеніне заңсыз кірген. Ол дүкеннен құны 250 мың теңге тұратын iPhone 13 ұялы телефонын және 32 мың теңге көлеміндегі ақшаны жасырын түрде ұрлаған.
Қылмыс жасағаннан кейін ер адам оқиға орнынан бой тасалап, ұрланған мүлікті өз қалауынша жұмсаған.
Оның заңсыз әрекеттері салдарынан жәбірленушіге жалпы сомасы 282 мың теңге материалдық залал келтірілген.
Сот отырысы барысында сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелер жиынтығымен толық расталды.
Аягөз аудандық сотының үкімімен ер адам тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға заңсыз кіргені үшін кінәлі деп танылып, оған пробациялық бақылау белгіленіп, заңда көзделген міндеттер жүктеле отырып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.








