АЗИЯ ПАРА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ ТҮРКІСТАНҒА ОРАЛДЫ

    1 / 4

    Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында өткен V Азия Пара ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған Түркістан облысының спортшылары туған жерге оралды. Байрақты бәсекеде жоғары нәтиже көрсеткен жерлестерімізді Түркістан халықаралық әуежайынан салтанатты түрде қарсы алды.

    Азия құрлығындағы дүбірлі додада түркістандық параспортшылар үш медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының қоржынына үлес қосты.

    Атап айтқанда, пара дзюдодан J2 санаты бойынша 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Бексұлтан Құлмырза қарсыластарынан басым түсіп, Азия Пара ойындарының чемпионы атанды. Ал 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Ақтолқын Сейілбекова да алтын медаль иеленді. Сондай-ақ 95 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Бағланбек Оңалбек қола жүлдеге қол жеткізді.

    Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді әуежайдан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, спорт саласының өкілдері, спортшылардың жақындары мен жанкүйерлері салтанатты түрде қарсы алды. Жерлестерімізге құрмет көрсетіліп, ел абыройын асқақтатқан жеңістері үшін алғыс білдірілді.

    Өз кезегінде спортшылар өздерін салтанатты түрде қарсы алған қауымға ризашылықтарын жеткізді. Сондай-ақ алдағы жарыстарда бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, Қазақстанның көк байрағын биікте желбірету жолында аянбай еңбек ететіндерін атап өтті.

    Айта кетейік, V Азия Пара ойындары 18–24 қазан аралығында өтті. Аталған жарыста Қазақстан ұлттық құрамасының сапындағы 150 параспортшы спорттың 12 түрінен бақ сынап, жалпы саны 50 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 12 алтын, 16 күміс және 22 қола медаль бар.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары