ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ЗАМАНАУИ СПОРТ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАЛАРЫ АШЫЛДЫ

    1 / 4

    Республика күніне орай Сарыағаш ауданында тұрғындарға арналған заманауи спорт және балалар ойын алаңшалары пайдалануға берілді. Жаңа нысандар ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға, бұқаралық спортты насихаттауға және балалар мен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту және спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында Ақжар және Жемісті ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерде спорт алаңшалары салынды.

    Ақжар ауылдық округіндегі ашылу рәсіміне ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов пен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев қатысып, ауыл тұрғындарын Республика күнімен құттықтады.

    Аудан әкімі жаңа спорт нысандарының ауыл тұрғындары, әсіресе өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, спорт алаңшалары балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен тұрақты айналысуына және салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.

    Спорт алаңшалары аудандық бюджет есебінен салынды. Нысандарда шағын футбол алаңдары, воркаут аймақтары және балаларға арналған әткеншектер мен сырғанақтар қарастырылған.

    Сонымен қатар Жібек жолы елді мекенінде жалпы аумағы 0,14 гектар жер учаскесінде воркаут және балалар ойын алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

    Аталған аумақта Жібек жолы ауылдық округінің кәсіпкері Ж. Абдибаевтың демеушілігімен волейбол және баскетбол алаңдары салынды. Спорт нысандары орналасқан аумақ толық қоршалып, автотұраққа асфальт төселді және жарықтандыру жүйесі орнатылды.

    Тұрғындардың демалуына арналған арнайы орын жасақталып, аумаққа гүлдер мен ағаш көшеттері отырғызылды. Көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, балалардың ойнауына, жастардың спортпен шұғылдануына және тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай жасалды.

    Қазіргі таңда барлық құрылыс және абаттандыру жұмыстары толық аяқталып, спорт алаңшалары, балалар ойын аймақтары, демалыс орны мен автотұрақ тұрғындардың игілігіне берілді.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары