Жамбыл облысында Тараз станциясының вокзалын қайта жаңғырту аяқталды

    1 / 12

    Республика күні қарсаңында Жамбыл облысында 1986 жылы салынған Тараз станциясының теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды. Жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан еліміздің теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде орындалды.

    Жобаны іске асыру теміржол инфрақұрылымын жаңартуға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға және пойыздарды күту мен жөнелту үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

    Қайта құру барысында вокзалдың екі қабатты ғимаратына кешенді жаңарту жүргізілді. Жаңғыртудан кейін вокзалдың жалпы ауданы 3 035 шаршы метрді құрайды. Жұмыстар қасбет пен шатырды, ішкі үй-жайларды, инженерлік коммуникацияларды, перронды және оған іргелес аумақты қамтыды.

    Қасбетті безендіру кезінде травертин пайдаланылды, жертөле қазақстандық өндірістегі гранит плиткамен қапталған. Отандық өндірістің энергия үнемдейтін екі қабатты терезелері бар «жылы» тірек-ригель жүйесі негізінде жаңа терезелер мен алюминий витраждар орнатылды.

    Ішкі үй-жайлар заманауи жанбайтын материалдарды қолдана отырып безендірілген. Дыбыс өткізбейтін тірек төбелері орнатылып, тозуға төзімді еден жабындары қолданылды. Іске асырылған шешімдер жолаушылардың жайлылығын, ғимараттың энергия тиімділігін және инфрақұрылымның пайдалану сенімділігін арттыруға бағытталған.

    Тараз станциясының вокзалы бірінші класқа жатады. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 2 444 адамды құрайды. Станция арқылы Тараздың Қазақстанның ірі қалалары мен өңірлерімен, соның ішінде Алматы, Астана, Қарағанды, Семей, Павлодар, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Орал, Атырау, Қостанай, Көкшетау, Қызылорда, Петропавл және Сарыағаш қалаларымен, сондай-ақ Ресей Федерациясы қалаларымен теміржол қатынасын қамтамасыз ететін 36 жолаушылар пойызы өтеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі" жаңалықтары