Қайта жаңғыртудан кейін Маңғыстау станциясының теміржол вокзалы ашылды

    1 / 7

    Маңғыстау облысында 1969 жылы салынған Маңғыстау станциясының қайта жаңғыртылған теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

    Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, мердігер ұйымның өкілдері, теміржол саласының ардагерлері және өңір тұрғындары қатысты.

    Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов теміржол вокзалдарын жаңарту жолаушылар инфрақұрылымын жетілдіруде және жолаушыларға қызмет көрсетудің заманауи жағдайларын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

    «Қайта жаңғырту нәтижесінде вокзалдың сәулеттік келбеті заманауи сипатқа ие болып, инфрақұрылымы жолаушылар үшін неғұрлым функционалды әрі қолайлы бола түсті. Жаңғыртудың басты мақсаты – әрбір жолаушы үшін жайлы, қауіпсіз және қолжетімді жағдай жасау», – деді Жәнібек Тайжанов.

    Қайта жаңғырту барысында вокзалдың техникалық қабаты бар үш қабатты ғимараты толық жаңартылды. Қасбеті мен шатыры, ішкі бөлмелері, инженерлік желілері және байланыс жүйелері жаңартылды.

    Ғимаратта билет кассалары, күту залдары, тексеру аймағы, ана мен бала бөлмесі, ұзақ уақыт демалуға арналған бөлмелер, сондай-ақ сауда және сервистік қызмет көрсету нысандары жабдықталды.

    Кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Вокзалда лифтілер, эскалаторлар мен траволаторлар орнатылып, тактильді навигация жүйесі және қозғалысы шектеулі жолаушылардың демалуына арналған арнайы бөлмелер қарастырылды. Сонымен қатар вокзал бейнебақылау, желдету, өрт қауіпсіздігі және қолжетімділікті бақылаудың заманауи жүйелерімен жабдықталды.

    Маңғыстау станциясының вокзалы I санатқа жатады. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 2 500 адамды құрайды. Станция арқылы өңірді Алматы, Астана, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Семей, Түркістан, Шымкент, Тараз, Орал және Атырау қалаларымен, сондай-ақ Өзбекстанмен байланыстыратын 16 жолаушылар пойызы қатынайды.

    Вокзалды жаңарту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, қолайлы жағдай жасауға және Маңғыстау облысының теміржол инфрақұрылымын одан әрі дамытуға бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі" жаңалықтары