23 қазан, Республика күні қарсаңында Алматының Наурызбай ауданында жалпы сыйымдылығы 880 орын болатын үш мемлекеттік балабақша ашылды. Жаңа мекемелер қаланың қарқынды дамып келе жатқан шағынаудандарының тұрғындары үшін мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, Құрамыс шағынауданында 320 орындық (13 топ) №203 бөбекжай-балабақша, «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешенінде 320 орындық (16 топ) №204 бөбекжай-балабақша және Достық шағынауданында 240 орындық (10 топ) №207 бөбекжай-балабақша жұмысын бастады.
Тұрғын үйлер қарқынды салынып, халық саны артып келе жатқан Наурызбай ауданында балабақша орындарына сұраныс жоғары. Сондықтан жаңа мекемелердің ашылуы аудан тұрғындары үшін ерекше маңызды.
Балабақшалар желісін кеңейту Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын азайту және тәрбие мен оқыту сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатыр.
2026 жылдың басынан бері Алматыда 60 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Оның ішінде 1 890 орындық 9 мемлекеттік балабақша және жеке инвестиция есебінен ашылған 3 361 орындық 51 жекеменшік мекеме бар. Бұған қоса, жұмыс істеп тұрған жекеменшік балабақшаларды кеңейту арқылы тағы 723 орын ашылды.
Жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін №81, 37, 168, 89 және 10 мемлекеттік балабақша да қайта жұмыс істей бастады. Қалада мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру және мектепке дейінгі білім беруді дамытуға жеке секторды тарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, әсіресе тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп, халық саны өсіп келе жатқан аудандарда балабақша орындарына деген қажеттілік әлі де жоғары.
Қажеттілік картасына сәйкес, 2030 жылға дейін Алматыда жалпы сыйымдылығы 16 200 орын болатын тағы 48 балабақша салу қажет. Бұл нысандарға арналған жер учаскелері қаланың Бас жоспарында қарастырылған. Ал алдағы бір жылда бірінші кезекте 18 балабақша салу қажеттілігі анықталды.
Қазір жаңа нысандарға арналған жер телімдерін анықтау және құрылысқа дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте халықтың тығыздығы мен тұрғын алаптардың даму мүмкіндігі ескеріледі.
Алдағы уақытта балабақша орындарының санын мемлекеттік балабақшалар салу, жеке инвестиция тарту және қолданыстағы мекемелерді жаңғырту арқылы арттыру жоспарланып отыр.









