1 / 7
Түркістан қаласында жаңа кәріз-тазарту құрылыстарын салу және инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды. Осы мақсатта «Қытай құрылыс корпорациясының алтыншы инженерлік-техникалық бюросы» ЖШҚ директоры Лю Синьцзянь, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Айдос Тоғұзбаев және «TÚRKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының басшысы Берік Кенжебаевтың қатысуымен кездесу өтті.
Кездесу барысында қытайлық компания өкілдері ұйымның негізгі қызмет бағыттары мен Қазақстанда жүзеге асырған жобалары туралы ақпарат берді. Компания қалалық рельсті көлік жүйелерін, автомобиль жолдары мен көпірлерді салу, коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, су шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, тұрғын үй құрылысы және индустриялық парктерді дамыту салаларында тәжірибеге ие. Сонымен қатар, компания жергілікті мамандарды даярлау және олардың кәсіби біліктілігін арттыру бағытында жұмыс жүргізіп, бүгінге дейін 1 000-нан астам қызметкерді оқытқан.
Жиында «TÚRKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының басшысы Берік Кенжебаев инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және іске асыру барысында орталық тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Атап айтқанда, қажетті құжаттарды рәсімдеу, қолдау шаралары бойынша кеңес беру және жергілікті атқарушы органдармен өзара байланысты үйлестіру бағыттарында көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұсынылған жобаны талқылап, оны іске асыру мүмкіндіктері мен тиісті мәселелерді қосымша пысықтағаннан кейін келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты. Қала әкімінің орынбасары Айдос Мусиралиұлы инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастамалардың қала үшін маңыздылығын атап өтті.








