Астанада қандай медициналық мекемелер ашылады

    1 / 12

    Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жаңадан ашылатын медициналық нысандар туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    «Тұрғындар санының өсуі мен қолданыстағы медициналық ұйымдарға түсетін жүктемені ескере отырып, медицина инфрақұрылымын кезең-кезеңімен кеңейтіп жатырмыз. Бүгін ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевпен және ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен бірге бірқатар медициналық мекемені араладық.

    Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында биыл №2 қалалық көпбейінді аурухананың жанынан жаңадан қабылдау-диагностикалық кешенін, сондай-ақ №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының жанынан балаларға арналған травматологиялық пункт ашамыз. Қалған нысандар – перинаталдық орталық, көпбейінді аурухана және үш емхана кезең-кезеңімен ашылады.

    №2 қалалық көпбейінді аурухананың жанынан ашылатын жаңа қабылдау-диагностикалық кешен елорданың сол жағалауындағы тұрғындарға арналған ересектердің қабылдау бөлімін, акушерлік қабылдау бөлімін, диагностикалық қызметтер мен травматологиялық пункті біріктіреді. Жалпы аумағы 7 мың 120 шаршы метр болатын бес қабатты нысан тәулігіне 700-900 адамды қабылдауға есептелген.

    Кешенде компьютерлік томография, МРТ, рентгенодиагностика, ангиографиялық операциялық бөлме, операциялық залдар, инсульт орталығы, травматология бөлімшелері, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері қарастырылған.

    Ең басты артықшылығы – шұғыл көмек көрсетудің барлық қажетті кезеңінен бір кешеннің ішінде өтуге мүмкіндік бар: алғашқы тексеруден өтіп, диагноз қойылғаннан кейін операция жасатуға және ары қарайғы емін жалғастыруға дейін. Бұл науқастарды тексеру мен дәрігерлердің шешім қабылдау уақытын жылдамдатып, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады. Кешеннің ашылуы тағы 50 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

    Биыл №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына балаларға шұғыл травматологиялық көмек көрсетуге арналған жаңа қосымша ғимарат та ашылады. Жаңа корпуста реанимация залы, операциялық бөлім, компьютерлік томография және рентгендиагностика кабинеттері жабдықталады.

    Заманауи құрылғылар жарақат алған балаларды тексеру мен емдеу мүмкіндігін кеңейтіп, оларды тиісті бөлімдерге бағыттау тәртібін оңтайландыруға және медициналық көмекті жедел көрсетуге мүмкіндік береді.

    Келесі кезеңде Сарыарқа ауданындағы медициналық инфрақұрылымды дамыту қарастырылған. 2027 жылы 250 төсек-орынға арналған жаңа заманауи перинаталдық орталықты ашу жоспарланып отыр. Ал 2029 жылы 300 төсек-орындық көпбейінді қалалық аурухананың құрылысын аяқтап, пайдалануға беру көзделген.

    Былтыр Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында Есіл және Нұра аудандарының тұрғындарына арналған балалар травматологиялық пункті ашылды. Мұнда 10 мыңнан астам бала медициналық көмек алды. Осылайша оң жағалаудағы балалар травматологиялық пунктіне түсетін жүктеме азайды.

    Сол сияқты өткен жылы жеке инвестициялар есебінен «Нұрлы жол» вокзалы ауданында емхана ашылды.

    Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету желісін қатар кеңейтіп жатырмыз. 2026 жылдың соңында Есіл ауданында бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емхананың құрылысын бастау жоспарланған. 2027 жылы Сарайшық пен Нұра аудандарында әрқайсысы бір ауысымда 500 адамды қабылдай алатын тағы екі емхана салынады.

    Жалпы, алдағы үш жылда 10 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр, олардың қатарында 2 перинаталдық орталық, жаңа заманауи көпбейінді аурухана, 5 емхана және 2 жедел жәрдем қосалқы станциясы бар», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары