Астанада қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғын үйлердегі тәртіпті сақтау мақсатында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері тұрғын үйлерді, жалға берілетін пәтерлерді, жатақханаларды, хостелдер мен қонақүйлерді тексеріп жатыр. Құқық бұзушылықтарды анықтауға, профилактикалық есепте тұрған адамдардың тұрғылықты жерін тексеруге, сондай-ақ тұрғындарға заң талаптарын сақтау қажеттігін түсіндіруге ерекше назар аударылады.
Тексерумен қатар, полиция алдын алу бағытындағы ақпараттық жұмыстың қосымша тәсілдерін де қолданады. Атап айтқанда, дронның көмегімен елорда тұрғындары мен қонақтарына аудио хабарламалар таратылып жатыр. Азаматтарға заң талаптарын орындау, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық орындардағы мінез-құлық ережелерін сақтау, сондай-ақ айналасындағылардың тыныштығын бұзатын әрекеттерге жол бермеу қажеттігі ескертіледі.
Мұндай іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға және елорда тұрғындары үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
#законипорядок #заңментәртіп








