Бүгін Шымкент қаласында алғаш рет IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (Қазақстанның жаһандық инвестициялық дөңгелек үстелі) өтті. Форумға халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін және жаңа инвестициялық жобаларды талқылау үшін 40-тан астам елден 500-ден аса инвестор мен бизнес өкілі жиналды.
«Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбындағы пленарлық сессияны ашқан Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес дамып келе жатқан еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері туралы баяндады.
Пленарлық сессия барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланың экономикалық және өнеркәсіптік әлеуетін таныстырып, одан әрі даму мен инвестиция тартудың әлеуетіне тоқталды.
Қала әкімінің айтуынша, соңғы бес жылда Шымкенттің жалпы өңірлік өнімі үштен бір бөлігіне ұлғайып, 13 млрд АҚШ долларына жеткен. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі екі есеге артып, 7 млрд долларды құрады. Қазіргі таңда қалада 133 мың шағын және орта бизнес субъектісі, сондай-ақ, шетелдік капиталдың қатысуымен құрылған 2 мыңға жуық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
Бүгінге дейін шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 20 жоба жүзеге асырылған. Қазіргі уақытта тағы 7,5 млрд доллар көлеміндегі 21 жоба іске асырылуда. Қалада жұмыс істейтін ірі халықаралық компаниялардың қатарында CNPC, Coca-Cola, Polpharma, Alarko Holding, YDA Group, Fabe Agro және Wang-Sheng Ceramics бар.
Сонымен қатар, жаңа инвесторлар жұмылдыру мақсатында қолданыстағы төрт өнеркәсіптік алаңды кеңейтіп, металлургиялық өнеркәсіптік аймақ құру жоспарланып отыр. Арнайы экономикалық аймақтың кеңеюін ескергенде, жаңа өндірістерді орналастыруға арналған алаңдардың жалпы көлемі 1 700 гектардан асады.
Қала әкімі Шымкент халықаралық әуежайының жаңа терминалы көлік-логистикалық әлеуетті дамытуда маңызды рөл атқаратынын да атап өтті. Әуежай жылына 12 млн жолаушыға қызмет көрсете алады.
Болашақта екінші ұшу-қону жолағының салынуы жүк және транзиттік тасымалдар мүмкіндігін кеңейтеді. Соңғы екі жылда халықаралық әуе бағыттарының саны 10-нан 22-ге дейін көбейіп, жүк тасымалының көлемі 176%-ға артқан.
Айта кетейік, KGIR 2026 аясында жалпы сомасы 4,8 млрд АҚШ долларын құрайтын 22 құжатқа қол қойылды. Форумның маңызды нәтижелерінің бірі – Шымкент қаласының әкімдігі мен KÖKSAN және Dentafill Kazakhstan компаниялары арасында жалпы сомасы 82,8 млн АҚШ долларын құрайтын инвестиция тарту жөніндегі меморандумдардың түзілуі.
KÖKSAN жобасы ПЭТ қаптамалары мен преформалар өндіретін зауыт салуды көздейді. Ал Dentafill Kazakhstan компаниясы дәрілік препараттар мен фармацевтикалық өнімдер өндірісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Екі жоба да отандық өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, Ғабит Сыздықбеков халықаралық компаниялардың өкілдерімен және инвесторлармен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Тараптар ынтымақтастық мүмкіндіктерін және жаңа жобаларды іске қосу мәселелерін талқылады.
KGIR 2026 форумының Шымкентте өтуі халықаралық іскерлік байланыстарды нығайтуға, инвестиция тартуға және қала экономикасын одан әрі дамытуға қосымша мүмкіндіктер береді.








