Премьер-министр Олжас Бектенов Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуымен және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір экономикасының жаңа өсу бағыттарын дамыту және автожолдар сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты. Атап айтқанда, «Жұлдыз» және «Тассай» индустриялық аймақтарына барып, Бәйдібек би даңғылы мен Қ.Төлеметов көшесінің қиылысындағы көлік айрығы учаскесін қарап шықты. Премьер-министр сондай-ақ мегаполис тұрғындары мен қонақтарының жайлылығы үшін қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстарымен танысты.
«Жұлдыз» индустриялық аймағында Wan Sheng Ceramic керамограниттен жасалған бұйымдар шығаратын зауыттың бас директоры Лю Вэньцин биыл кәсіпорын жылына 12-13 млн м2 өнім өндіретін толық жобалық қуатқа шыққанын баяндады. Мұнда 350 тұрақты жұмыс орны ашылған, аралас ұйымдарды есепке алғанда, 1 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Пайдаланылатын шикізаттың шамамен 95%-ы Қазақстан аумағындағы кен орындарынан алынады. Компания ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, өнімнің 40%-ын ТМД елдеріне экспорттайды. Өндірісті одан әрі кеңейту жоспарланып отыр.
«Тассай» алаңында «Asia Trafo» ЖШС басқарма төрағасы Дәуірбек Атеев Премьер-министрге технологиялық процесі және шығарылатын жабдық түрлері, соның ішінде күштік трансформаторлары, автотрансформаторлар және басқа да өнімдер туралы баяндады. Мұнда үшөлшемді жобалау, математикалық модельдеу және цифрлық басқару технологиялары енгізілді. Жобалық қуаты жылына 12 мың МВА, бұл Қазақстанның 500 кВ дейінгі кернеу класындағы қосалқы стансалық жабдықтардың негізгі түрлеріне деген қажеттілігінің 90%-ына дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, трансформаторлар ірі энергетикалық нысандарға, соның ішінде жаңа жылу электр орталықтары мен электр стансаларын салу үшін жеткізіледі. Зауыт 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Шымкентте жалпы 8 индустриялық аймақ жұмыс істейді, олардың аумағы 90%-ға толған, онда 354 жоба жүзеге асырылған. Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 5,9 трлн теңгеге жетіп, соңғы бес жылда 2,2 есе өскен. 2026 жылғы қаңтар – қыркүйекте өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,2 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,9%-ға артты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 7,4%-ға, 580 млрд теңгеге дейін өсті. Кәсіпкерлікті қолдау шараларымен 10,5 млрд теңге сомасына 1 480 жоба қамтылды. Әлеуметтік маңызды бағыттарға, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға, азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз етуге 439,5 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Сапар қорытындысы бойынша Олжас Бектенов өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, сыртқы істер министрліктеріне және Шымкент әкімдігіне зауыттардың ағымдағы қуатын кеңейту үшін қажетті қолдау шараларын қабылдауды, сондай-ақ индустриялық аймақтар аумағының толық жүктелуін қамтамасыз етуді жеделдетуді тапсырды.
Жұмыс сапары барысында Премьер-министр Бәйдібек би даңғылы мен Қ. Төлеметов көшесінің қиылысындағы көлік айрығы құрылысының барысымен де танысты. Жобада ұзындығы 550 метрге жуық эстакадасы, ұзындығы 180 метрден асатын жол өтпесі және үш жерасты жаяу жүргіншілер өткелі бар төрт жолақты жол айрығын салу көзделген. Жобаның құны 8,5 млрд теңгені құрайды. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, көпірдің үсті арқылы қозғалыс ашылды. Төмендегі жұмыстарды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Жалпы алғанда, қала жолдарының ұзындығы 3,8 мың шақырымды құрайды. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов соңғы үш жылда 1,8 мың шақырым жолға асфальт төселгенін, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға жеткенін баяндады. Қалаға күн сайын 140 мыңға дейін автокөлік кіреді, оның шамамен 80 мыңы транзит арқылы өтеді. Көлік жүктемесінің артуына байланысты биыл П.Момынов және К.Тіленшин көшелеріндегі жол өткелдері арқылы көлік қозғалысы ашылды. Бәйдібек би – Қ.Төлеметов көшелерінің қиылысындағы жолайрықты пайдалануға беру көше-жол желісінің өткізу мүмкіндігін арттырып, көлік жүктемесін азайтуға және қозғалыс қауіпсіздігін жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Шымкент әуежайын реконструкциялау жұмыстарының барысы баяндалды. Жоба аясында жалпы құны 46,1 млрд теңге болатын екінші ұшу-қону жолағы мен бұру-қозғалу жолдарын салу көзделген. Жұмыстарды 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Премьер-министр инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуын, оның ішінде мердігер ұйымдардың жұмысын бақылауды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы халықаралық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын жақсартуды тапсырды. Бүгінде жол құрылысы стандарттары мен олардың жай-күйін бағалау жүйесін қайта қарайтын арнайы Үкіметтік жұмыс тобы құрылды. Бұл саладағы тәртіпті ретке келтіріп, өңірлік және ауданаралық жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайына себеп болатын факторларды жою қажет. Жергілікті жерлерде әкімдіктер жаппай бақылау мен цифрландыру арқылы бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс. Қаланың өсуін ескерсек, Шымкент үшін де жолдарды сапа мен қауіпсіздіктің жаңа заманауи технологияларын қолдана отырып салу маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.








