Салық берешегі туындаған күннен бастап үш айдан астам уақыт бойы өтелмеген және оның мөлшері 27 000 АЕК-тен асқан жағдайда Қазақстан Республикасынан шығуды уақытша шектеу

    2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдері өзгертілді.

    Бұрын тәуекелдерді басқару жүйесін ескере отырып, берешек мөлшері 1 теңгеден басталған жағдайда өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін болса, енді сараланған тәсіл енгізілді. Бұл шаралардың салық берешегінің мөлшеріне қарай қолданылатынын білдіреді.

    Берешек мөлшері 20 АЕК-тен аз болған жағдайда салық төлеушіге берешектің бар екендігі туралы хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі. Өзге өндіріп алу шаралары қолданылмайды.

    Берешек мөлшері 20 АЕК-тен 45 АЕК-ке дейін болған жағдайда берешекті өтеу туралы хабарлама жіберіледі, банк шоттары мен касса бойынша шығыс операциялары тоқтатыла тұрады, сондай-ақ инкассалық өкімдер шығарылады.

    Берешек мөлшері 45 АЕК-тен асқан жағдайда мүлікті тізімдеу және өткізу, сондай-ақ дебиторлар есебінен өндіріп алуды қоса алғанда, заңнамада көзделген барлық өндіріп алу шаралары қолданылады.

    Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Салық кодексіне қосымша шара – Қазақстан Республикасынан шығуды уақытша шектеу енгізілді. Аталған норманы іс жүзінде қолдану 2026 жылғы 1 қазаннан басталды.
    Бұл шара салық берешегі 27 000 АЕК-тен асқан және туындаған күннен бастап үш айдан астам уақыт бойы өтелмеген жағдайда қолданылуы мүмкін.

    Шектеу дара кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын адамдарға, сондай-ақ заңды тұлғалардың бірінші басшыларына немесе олардың міндеттерін атқаратын адамдарға қатысты қолданылады.

    Қазақстан Республикасынан шығуды уақытша шектеу тек ірі мөлшердегі берешек болған жағдайда және сот санкциялағаннан кейін ғана қолданылатынын атап өткен жөн. Мемлекеттік кірістер органы қаулы шығарып, оны сотқа жолдайды. Сот санкциясын алғаннан кейін қаулы мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесі арқылы заңнамада белгіленген тәртіппен орындау үшін уәкілетті ақпараттық жүйеге жіберіледі.

    Өзгерістердің негізгі мақсаты – мемлекет пен бизнес мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету.

    Бір жағынан, салық төлеушілердің қызметін берешектің елеусіз сомаларына байланысты бұғаттауға жол берілмейді. Екінші жағынан, ірі мөлшердегі және ұзақ уақыт бойы орындалмаған салық міндеттемелері бойынша жауапкершілік күшейтіледі.

    Жаңа шара салық берешегін өндіріп алу тиімділігін арттыруға, салық төлеуден жалтару жағдайларын азайтуға және бюджетке қаражаттың уақтылы түсуін қамтамасыз етуге бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті" жаңалықтары