Цюрихте өткен Қазақстан-Швейцария бизнес-форумының қорытындысы бойынша жалпы болжамды сомасы 46 млн АҚШ долларын құрайтын ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Қол жеткізілген уағдаластықтар сауда, коммерциялық жылжымайтын мүлік және өндірістік кооперацияны дамыту бағыттарын қамтиды. Форум Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің 2026 жылғы 20-22 қазанда Швейцарияға жасаған жұмыс сапары аясында өтті.
Бизнес-форумды «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Қазақстан Республикасының Швейцариядағы Елшілігімен бірлесіп, инвестиция тарту және сыртқы сауданы ынталандыру жөніндегі швейцариялық Switzerland Global Enterprise (S-GE) агенттігінің қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шараға қазақстандық тауар өндірушілер мен кәсіпкерлер делегациясы, сондай-ақ Швейцарияның 90-ға жуық компаниясының өкілдері қатысты.
Қазақстандық делегацияға арнаған құттықтау сөзінде S-GE, корпоративтік қызметтер және даму жөніндегі басшыcы С. Лалив д’Эпине Қазақстанның Орталық Азиядағы Швейцария үшін негізгі экономикалық серіктес екенін және швейцариялық бизнес тарапынан Қазақстанға қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті.
Сауда және интеграция министрі А. Шаққалиев өз сөзінде елдің сауда саясаты мен экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды. Ол Қазақстанның шикізаттық емес өнімдерді сыртқы нарықтарға жеткізу көлемін дәйекті түрде ұлғайтып келе жатқанын атап өтіп, Швейцарияның іскер топтарын қазақстандық тауарлар импортын кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды.
«QazTrade» АҚ бас директоры Н. Құлбатыров Қазақстанның сауда-инвестициялық мүмкіндіктерін, агенттіктің қазақстандық өнімді шетелде ілгерілету құралдарын және Швейцарияға жеткізу әлеуеті бар тауарлар номенклатурасын таныстырды. Сондай-ақ ол Еуропа мен Азия арасындағы сауда байланыстарын дамытудағы Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) әлеуетін атап өтті.
Қазақстандық компаниялар өз өнімдері мен инвестициялық ұсыныстарын таныстырды. Екіжақты B2B келіссөздері барысында екі елдің іскер топтарының өкілдері тікелей байланыстар орнатып, қазақстандық өнімді Швейцария нарығына шығару, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Бұдан бөлек, «QazTrade» АҚ мен Біріккен сауда палатасы (JCC) сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға және екі елдің іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған меморандумға қол қойды.
Іскерлік ынтымақтастықтың дамуы өзара сауда көлемінің өсуімен қатар жүріп отыр. 2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында Қазақстан мен Швейцария арасындағы тауар айналымы 1,12 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,3%-ға артты.
Жұмыс сапары барысында А. Шаққалиев Швейцарияның экспорттық сақтандыру агенттігінің (SERV) бас директоры К. Шульце-Бергманнмен және S-GE мен Швейцарияның Экономикалық мәселелер жөніндегі мемлекеттік хатшылығының (SECO) қатысуымен Team Switzerland Infrastructure (TSI) платформасының өкілдерімен кездесті. Тараптар швейцариялық компаниялардың Қазақстанның энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын, оның ішінде зияткерлік электр желілерін, энергия үнемдейтін жылумен жабдықтау жүйелерін, цифрлық есепке алу жүйелерін, су дайындау және сарқынды суларды тазарту нысандарын жаңғыртуға қатысуын талқылады. Швейцария тарапы экспорттық тәуекелдерді сақтандыруға және жобалық қаржыландыруды қолдауға арналған SERV құралдарын таныстырды.
Диалогты жалғастыру және швейцариялық компаниялардың Қазақстанның бейінді мемлекеттік органдарымен және инфрақұрылымдық жобалар операторларымен байланыс орнатуына жәрдемдесу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Анықтама үшін: Team Switzerland Infrastructure - Швейцарияның инфрақұрылымдық шешімдерін шетелде ілгерілету мақсатында SECO, SERV, S-GE, сондай-ақ Swissmem, Swissrail және suisse. ing салалық қауымдастықтарын біріктіретін платформа.









