Швейцарияда Қазақстанның мәдени-іскерлік орталығы ашылды

    1 / 4

    2026 жылдың 21 қазанында Швейцарияның Шаффхаузен қаласында Швейцария–Қазақстан мәдени-іскерлік орталығы ашылды. Орталық екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамыту мақсатында Eurasia Group компаниясының бастамасымен және Қазақстан Республикасының Швейцариядағы Елшілігінің қолдауымен құрылды.

    Орталық қызметінің негізгі бағыттарының бірі қазақстандық өнімдерді Швейцария және басқа да халықаралық нарықтарға шығару болмақ. Атап айтқанда, металлургия, агроөнеркәсіп, тамақ және химия өнеркәсібі өнімдерін ілгерілетуге басымдық беріледі. Орталық қазақстандық өндірушілер мен шетелдік импорттаушылар және сауда желілері арасында тікелей іскерлік байланыстар орнатуға, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдеседі. Сонымен қатар орталық қызметінің жеке бір бағыты Қазақстанның тарихы мен мәдениетін танытуға арналады.

    Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Шаффхаузен кантонының билік өкілдері, Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігінің, «QazTrade» АҚ-ның өкілдері, қазақстандық және швейцариялық кәсіпкерлер, сондай-ақ ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.

    Іс-шарада сөз сөйлеген Арман Шаққалиев Қазақстанның Швейцариямен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде технологиялар тартуға, өндірістік құзыреттерді дамытуға және ұзақ мерзімді бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін атап өтті.

    «QazTrade» АҚ бас директоры Нұрлан Құлбатыров Қазақстанның экспорттық және инвестициялық әлеуетін, сондай-ақ отандық өндірушілердің Швейцария нарығына шығуын қолдауға арналған қолданыстағы құралдарды таныстырды.

    Eurasia Group AG компаниясының президенті М. Захин орталықты құрудағы мақсаттар мен оның екі ел кәсіпкерлері арасында іскерлік байланыстар орнатудағы рөлі туралы баяндады.

    Шаффхаузен кантонының өкілдері Қазақстанмен бизнес, ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салаларындағы ынтымақтастықтың келешегіне тоқталды. Іс-шара барысында ғылыми, білім беру және мәдени байланыстарды дамыту мүмкіндіктері де талқыланды.

    Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі Қ. Саржанов екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың негізгі көрсеткіштерін таныстырды. 2005 жылдан бері Швейцарияның Қазақстанға салған инвестицияларының көлемі 36,5 млрд АҚШ долларынан асты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд долларды құрады.

    Орталықты құру бастамасын Қазақстанның ауыл шаруашылығы техникасы нарығында жұмыс істейтін Eurasia Group компаниясы көтерді. Компаниялар тобының Қазақстанға салған инвестицияларының жалпы көлемі 88,5 млн долларды құрады. Бұл қаражат сервистік инфрақұрылымды дамытуға, жабдықтар сатып алуға және мамандар даярлауға бағытталған. 2025 жылдан бастап компания Қазақстанда John Deere ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін жергіліктендіруді қолға алды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі" жаңалықтары