Президент бастамасымен БҰҰ жариялаған жыл: Қазақстанда волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді

    Қазақстанда волонтерлік қозғалыс жүйелі түрде дамып, мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Бүгінде волонтерлер ортақ игі мақсат үшін қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Қозғалыстың жүйелі түрде дамуына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылдың Волонтер жылы деп жариялануы айрықша серпін берді.

    Кейінгі жылдары жекелеген бастамаларды қолдау ауқымы кеңейіп, волонтерлердің тұрақты жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасалып бастады.

    Аталған өзгеріс нақты көрсеткіштерден де байқалады. 2020 жылмен салыстырғанда волонтерлік ұйымдардың саны 3,5 еседен астам артып, 224-тен 810-ға жетті. Белсенді волонтерлер қатары алты есе көбейіп, 300 мың адамнан асты. Бастамашыл топтардың саны он есе өсіп, 3,5 мыңды құрады. Қоғамдық жұмыстарға аға буын өкілдері де белсенді қатысып, күміс волонтерлер қатары артып келеді. 2025 жылы олардың саны 6 мыңға жетті. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен сегіз есе көп.

    Ел ішінде қозғалыстың дамуы мен мемлекеттің жүйелі қолдауы Қазақстанның волонтерлікке қатысты бастамаларын халықаралық деңгейде ілгерілетуге негіз болды.

    2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясында Халықаралық волонтерлер жылын жариялауды ұсынды. Қазақстан өзге мемлекеттермен бірлесіп ұсынған қарар 2023 жылғы желтоқсанда қабылданып, БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Атаулы жыл волонтерліктің әлеуметтік, гуманитарлық және экологиялық мәселелерді шешудегі маңызын халықаралық деңгейде көрсетіп, тұрақты даму мақсатындағы ортақ міндеттерді орындауға өзге де елдер жұмылды.

    Волонтерлік қызметтің Қазақстанның жаңа Конституциясында бекітілуі де маңызды қадам болды. Бұл волонтерліктің жекелеген азаматтардың жеке бастамасы ғана емес, мемлекет мойындаған және қорғалатын конституциялық құндылық екенін айқындайды.

    Қозғалыс ауқымы биыл да кеңейіп келеді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында түрлі жобалар мен бастамаларға 200 мыңнан астам волонтер қатысты.

    Халықаралық волонтерлер жылы елдер арасындағы тәжірибе алмасуға және ортақ жұмыстарды ұйымдастыруға да тың серпін берді. Атап айтқанда, 2026 жылғы 20-21 тамызда Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы волонтерлерінің I форумы өтті. Қазақстан Президентінің бастамасымен және ТМД Үкімет басшылары кеңесінің шешімімен құрылған форум Достастық елдерінің волонтерлерін жыл сайын бір алаңға жинап, халықаралық байланысты нығайтуға бағытталды.

    Алғашқы форумға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан мемлекеттік органдардың, волонтерлік ұйымдар мен қауымдастықтың 300-ге жуық өкілі қатысты.

    Халықаралық ынтымақтастықта табиғатты қорғау мақсатындағы бастамалардың да орны ерекше. Ақтауда Каспий экожүйесін сақтау жөніндегі Caspian Sea Action Week 2026 халықаралық іс-қимыл апталығы өтті. Оған Каспий маңындағы елдердің өкілдері, БҰҰ Волонтерлер бағдарламасының делегациясы, Каспий теңізі жөніндегі Тегеран конвенциясының өкілдері, халықаралық экологиялық ұйымдар және Қазақстан өңірлерінің волонтерлері қатысты.

    Ал 19-20 маусымда Балқашта Халықаралық волонтерлер форумы ұйымдастырылды. Жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Үндістан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан өкілдері жиналды.

    Аталған жұмыстардың жалғасы ретінде Қызылорда облысында «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығы өтіп жатыр. Арал өңірінің табиғатын сақтауға және экожүйесін қорғауға бағытталған апталықта Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстанның он өңірінен келген 100 волонтер бас қосты.

    Бүгінде Қазақстандағы волонтерлік қызмет бірнеше бағытты қамтиды. Волонтерлер әлеуметтік көмек беру, қоршаған ортаны қорғау, медицина, мәдениет, білім беру және медиа салаларындағы жұмыстарға атсалысады. Жануарларға қамқорлық көрсетіп, төтенше жағдайлардың алдын алуға және олардың салдарын жоюға да көмектеседі.

    Бастамаларды қолдау мақсатында мемлекеттік тетіктер де жетілдіріліп келеді. 2025 және 2026 жылдары волонтерлік жобаларға 120 шағын грант бөлу көзделген. Мемлекеттік органдар волонтерлер қауымдастығымен бірлесіп, жыл сайын қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге және волонтерлік мәдениетті дамытуға бағытталған 50-ден астам жоба жүргізеді.

    Алдағы міндет – қозғалыстың инфрақұрылымын одан әрі нығайтып, бастамалардың нәтижелі болуына жағдай жасау. Осы мақсатта 2026 жылдың соңына дейін Волонтерлік қозғалысты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын және Экологиялық волонтерлікті дамыту бағдарламасын қабылдау жоспарланған. Волонтерлерді ынталандырып, олардың ел дамуына қосқан үлесін бағалау үшін цифрлық паспорт енгізу де қарастырылып отыр.

    Қазақстанда волонтерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар ел ішіндегі бастамалардан халықаралық ынтымақтастыққа дейін ұласты. Мемлекеттің жүйелі қолдауы мен азаматтардың қоғамға пайдалы болуға деген ұмтылысы негізінде қозғалыс дамып келеді. Ал Қазақстан ұсынған Халықаралық волонтерлер жылы өзге елдермен ортақ жобаларды көбейтуге және волонтерлердің қоғамдағы үлесін арттыруға жол ашып отыр.

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі" жаңалықтары