Түркістанда «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен қалалық білім бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Туған өлке тағылымы» II аймақтық ғылыми конференциясы өтті. Іс-шара «Ясауитану» клубының жұмысы аясында өткізілді.
Жиынның ашылу рәсімінде қала әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов және философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай сөз сөйледі.
Конференцияға Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Сауран аудандарының мектептерінен 100-ге жуық оқушы қатысты. Жиын туған өлкенің тарихын зерделеуге, тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге және жас ұрпақтың ғылыми ізденісін арттыруға бағытталды.
Жас зерттеушілер Ясауи мұрасы мен өлке тарихы, мәдени мұра және музей ісі, туризм мен өлкетану, әдебиет пен фольклор, табиғат пен экология бағыттары бойынша ғылыми жұмыстарын ұсынды.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылардың ғылыми мақалалары электрондық жинақта жарияланды.
Іс-шара соңында музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов пен директордың орынбасары Нұрлан Дүкенбаев жас зерттеушілерді құттықтады. Қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









