Елордалық кикбоксшылар Ташкентте өткен Әлем кубогінде сегіз медаль жеңіп алды

    1 / 4

    Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында өткен кикбоксингтен Әлем кубогінде Астана қаласының спортшылары табысты өнер көрсетіп, сегіз медаль жеңіп алды. Оның төртеуі алтын, біреуі күміс және үшеуі қола медаль.

    Халықаралық жарысқа әлемнің 36 мемлекетінен 2290 спортшы қатысып, түрлі жас санаттары мен салмақ дәрежелері бойынша өзара мықтыны анықтады.

    Байрақты бәсекеде елордалық кикбоксшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бірнеше жас санатында жүлделі орындардан көрінді.

    2010–2011 жылдары туған юниорлар арасында 57 келі салмақ дәрежесінде фулл-контакт бөлімінде өнер көрсеткен Айдар Сахибек алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ К-1 бөлімінде 48 келі салмақта бақ сынаған Амирхан Сафаралиев Әлем кубогінің жеңімпазы атанды.

    Осы жас санатында 81 келіден жоғары салмақта фулл-контакт бөлімінде сынға түскен Сүйіндік Жұмабай мен лоу-кик бөлімінде өнер көрсеткен Евгений Ли қола медаль иеленді.

    2012–2013 жылдары туған жасөспірімдер арасында 32 келі салмақ дәрежесінде лайт-контакт бөлімінде бақ сынаған Қазбек Жақсат қарсыластарынан басым түсіп, алтын жүлдеге қол жеткізді.

    Сонымен қатар 2008–2009 жылдары туған спортшылар арасында лоу-кик бөлімінде өнер көрсеткен Ерсұлтан Амангелді алтын медаль жеңіп алса, Азизбек Әжелепесов күміс жүлдегер атанды.

    Ал 2010–2011 жылдары туған спортшылар арасында фулл-контакт бөлімінде сынға түскен Мадина Шимирова қола медальға ие болды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы" жаңалықтары