Катар мемлекетінің астанасы Доха қаласында өткен таеквондодан (WT) VI халықаралық ашық чемпионатта (6th Qatar Open Taekwondo Championship 2026) Астана қаласының спортшылары төрт медаль жеңіп алды.
Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) қолдауымен ұйымдастырылған G-1 санатындағы халықаралық жарысқа әлемнің 46-дан астам елінен 1152 спортшы қатысты.
Байрақты бәсекеде елордалық таеквондошылар табысты өнер көрсетіп, 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль иеленді.
Атап айтқанда, 68 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Тимур Рахпанов қарсыластарынан басым түсіп, халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.
Ал 63 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Омар Жанбиров күміс медальға қол жеткізді.
Сондай-ақ елордалық екі спортшы қола жүлдегер атанды. Олардың қатарында 63 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Аяжан Таңжарық пен 68 келі салмақта өнер көрсеткен Мирас Исенгелдин бар.
Айта кетейік, халықаралық чемпионат Доха қаласындағы Aspire Ladies Sports Hall спорт кешенінде ұйымдастырылды. Жарыс аясында кадеттер, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында 76 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды.
G-1 санатындағы бұл турнир спортшылар үшін әлемдік рейтингке есептелетін ұпайлар жинауға мүмкіндік беретін маңызды халықаралық жарыстардың бірі саналады.








