ҚАЗАҚСТАН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ АРАСЫНДА ЖАҢА ТУҒАН НӘРЕСТЕЛЕР ӨЛІМІНІҢ ЕҢ ТӨМЕН КӨРСЕТКІШІНЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

    Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында жаңа туған нәрестелер өлімінің ең төмен көрсеткішіне қол жеткізді. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш тірі туған әрбір 1 000 нәрестеге шаққанда 3 жағдайды құрайды.

    Сондай-ақ еліміз БҰҰ-ның балалар өлімін азайтуға қатысты Тұрақты даму мақсаттарын мерзімінен бұрын орындады. Медициналық көмектің қолжетімділігін одан әрі арттыру үшін 16 жаңа балалар ауруханасы мен перинаталдық орталық салу жоспарланып отыр.

    Жаңа туған нәрестелер өлімінің төмендеуі перинаталдық көмекті жүйелі түрде дамыту, заманауи технологияларды енгізу және ана мен балаға медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру нәтижесінде мүмкін болды.

    Бүгінде дене салмағы өте төмен болып туған нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші 57%-ды құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыру, мамандандырылған көмекті дамыту және медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

    Туа біткен ауруларды ерте анықтауға және жүктілік кезінде медициналық бақылауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр.

    «Аналар саулығы» бағдарламасы шеңберінде ұрықтың саулығын сақтау орталықтарының 22-сінде бір күндік клиникалар ашылып, диагностика мен құрсақішілік емдеудің заманауи әдістері енгізілді.

    Нәтижесінде туа біткен даму кемістіктерін анықтау көрсеткіші 12%-ға артып, осы себептерге байланысты нәресте өлімі 15%-ға төмендеді.

    Алдағы уақытта ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту медициналық көмектің сапасын арттыруға, қауіп-қатерлерді ерте анықтауға және Қазақстанның барлық өңірінде заманауи диагностика мен емдеу әдістерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі" жаңалықтары