ҚАЗАҚСТАНДА ОНКОГЕМАТОЛОГИЯЛЫҚ АУРУЛАРЫ БАР БАЛАЛАРДЫҢ БЕС ЖЫЛДЫҚ ӨМІР СҮРУ КӨРСЕТКІШІ 70%-ДАН АСТЫ

    1 / 9

    Қазақстанда онкогематологиялық аурулары бар балалардың бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 70%-дан асады, ал жедел лимфобластты лейкоз кезінде бұл көрсеткіш 85%-ға жетеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Самарқанд қаласында өткен Балалар обыры жөніндегі II халықаралық конгресте мәлімдеді.

    Қазақстанда жыл сайын балалардың арасында онкологиялық аурулардың 600-ге жуық жаңа жағдайы анықталады. Елімізде заманауи диагностикалау әдістері мен жоғары технологиялық емдеу тәсілдері дамып келеді. 2013 жылдан бері гемопоэздік дің жасушаларын трансплантаттау бойынша 630-дан астам операция жасалды.

    Отандық медициналық орталықтардың дамуы балаларды шетелде емдеуге жіберу қажеттілігін біртіндеп азайтуға мүмкіндік беріп отыр.

    Конгресс барысында Ақмарал Әлназарова Орталық Азия елдерін балалардың обырды емдеудің заманауи әдістеріне қолжетімділігін арттыру үшін күш біріктіруге шақырды.

    Негізгі бағыттардың қатарында диагностиканың дәлдігін арттыру, дәрігерлерді бірлесіп даярлау, CAR-T-терапиясының мүмкіндіктерін зерттеуді қоса алғанда, ғылыми зерттеулерді дамыту, сондай-ақ балаларды ісікке қарсы дәрілік препараттармен қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық бар.

    Сүйек кемігі донорларының ұлттық тіркелімдерінің арасындағы өзара іс-қимылға да ерекше назар аударылды. Бұл трансплантаттауға мұқтаж балалар үшін үйлесімді донорларды іздеу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

    «Инвестицияларымыздың тиімділігін бағалауда бөлінген қаражаттың көлемі ғана емес, ең алдымен емдеу нәтижелері, сақтап қалған өмірлеріміз және аурудан кейінгі балалардың өмір сапасы маңызды», – деп атап өтті министр.



    Ақмарал Әлназарованың айтуынша, халықаралық ынтымақтастықтың басты мақсаты – тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір баланың заманауи диагностика мен емдеу әдістеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі" жаңалықтары