1 / 7
Түркістан облысы Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылында орналасқан №1 жалпы орта мектепте ішкі істер органдарының ардагері Әкімбай Шындалұлы Шындалиевтің есімі берілген облыстағы жиырма екінші “Жас сақшы” полиция сыныбы ашылды.
Ішкі істер органдарында 25 жылға жуық абыройлы қызмет атқарған Әкімбай Шындалиев 1938 жылы Отырар өңірінде дүниеге келген. Қызмет барысында адалдығымен, кәсіби біліктілігімен танылып, ҚР ІІМ-нің үздік қызметкері атанған, бірқатар медальдармен марапатталған. 1994 жылы зейнетке шыққан. Ардагердің өнегелі өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі кейінгі буынға үлгі болуы үшін полиция сыныбы салтанатты түрде ашылды.
Іс-шараға Түркістан облысы полиция департаменті жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары Есенгелді Шалабаев, аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, Түркістан облысы бойынша ІІО Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев, полиция қызметкерлері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Салтанатты шара барысында жас сақшылар ант қабылдады. Қонақтар оқушылардың қолөнер көрмесін тамашалап, жаңа сыныптың ашылуына арналған лентаны қиды. Мерекелік бағдарлама мектеп оқушыларының концерттік қойылымдарымен жалғасты.
Түркістан облысында “Жас сақшы” сыныптарын ашу арқылы өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және “Заң мен Тәртіп” қағидатын нығайтуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде









