Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында заманауи технологияларды белсенді қолдануда. Ордабасы ауданында жүргізілген профилактикалық іс-шара барысында дронның көмегімен жол ережесін бұзған бірнеше жүргізуші анықталды.
Атап айтқанда, Темірлан ауылында Toyota Camry автокөлігін басқарған 40 жастағы жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпағаны белгілі болды. Сондай-ақ Shaanxi жүк көлігінің 41 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде жол бермеген. Ал Lada 21144 автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі көлігін жол жиегіне қойып, өзге жүргізушілерге кедергі келтірген. Аталған деректер бойынша жүргізушілерге қатысты әкімшілік шаралар қабылданды.
Полиция қызметінде дрондарды пайдалану жол қозғалысын әуеден бақылауға, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және жол қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын сақтауға, жаяу жүргіншілерге жол беруге және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.









