Қазіргі заманғы қауіп-қатерлер жағдайында авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері туралы

    1 / 12

    ИКАО-ның 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығы «25 жылдан кейін: әлемдегі авиациялық қауіпсіздіктің жай-күйі» атты панельдік сессиямен жалғасты.

    Пікірталастың басты тақырыбы жаһандық авиациялық қауіпсіздік саласындағы жаңа сын-қатерлер мен саланың болашақ қауіптерге қарсы тұруға дайындығы болды.

    Соңғы 25 жылда әлемдік авиациялық қауіпсіздік жүйесі ауқымды өзгерістерден өтті. Алайда технологиялардың дамуы, жаңа қауіп-қатерлердің пайда болуы және авиациялық операциялардың күрделене түсуі дәстүрлі тәсілдерді қайта қарауды талап етеді.

    Сессия аясындағы пікірталасқа Сьерра-Леоне Азаматтық авиация басқармасының бас директоры Мусайеро Барри, ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік және формальдылықтарды жеңілдету жөніндегі директорының орынбасары, Әуе көлігі бюросы директорының міндетін атқарушы Соня Хифди қатысты.

    Сессия модераторы Сингапур Көлік министрлігінің халықаралық қатынастар және қауіпсіздік жөніндегі аға директоры Бернард Лим болды.

    Пікірталасқа сондай-ақ Алматы халықаралық әуежайының бас директоры Гөкер Көсе, Ресей Федерациясының Көліктегі қадағалау федералдық қызметі басшысының бас кеңесшісі Владимир Черток, Уганда Азаматтық авиация басқармасының (UCAA) авиациялық қауіпсіздік, формальдылықтарды жеңілдету саясаты және реттеу жөніндегі менеджері Джейн Накиму, АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігінің халықаралық саясат, жоспарлау және өзара іс-қимыл жөніндегі атқарушы директоры Эрик Ятар, ИКАО Аэронавигациялық бюросының директоры Мишель Меркл қатысты.

    Талқылаудың негізгі мәселесі қауіп-қатерлерге жауап қайтарудан олардың алдын алуға қалай көшуге болатынына арналды. Қатысушылар стратегиялық болжау, барлау деректеріне негізделген тәуекелдерді бағалау мүмкіндіктерін, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен авиация саласы өкілдері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту жолдарын қарастырды.

    Уганда Азаматтық авиация басқармасының авиациялық қауіпсіздік, формальдылықтарды жеңілдету саясаты және реттеу жөніндегі менеджері Джейн Накиму қазіргі заманғы сын-қатерлердің күрделілігіне назар аударды.

    «Бүгінде авиациялық қауіпсіздік туындайтын қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуді ғана емес, оларды алдын ала болжай білуді де талап етеді. Жаңа технологиялар мен авиациялық процестердің күрделене түсуі алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр. Сондықтан халықаралық ынтымақтастық, уақтылы ақпарат алмасу және авиациялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бағытындағы бірлескен жұмыс ерекше маңызға ие», – деп атап өтті Дж. Накиму.

    Сессияға қатысушылар авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қолданыстағы тетіктерін жаңа технологиялық сын-қатерлерге бейімдеу және мемлекеттердің ықтимал қауіп-қатерлерге дайындығын арттыру қажеттігін атап өтті.

    Пікірталас қорытындылары халықаралық ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындауға және алдағы жылдардағы авиациялық қауіпсіздіктің стратегиялық міндеттерін одан әрі талқылауға негіз болады деп күтілуде.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі" жаңалықтары