V Азия Пара ойындары: Қазақстан спортшылары төртінші жарыс күнінде жеті медаль жеңіп алды

    V Азия Пара ойындарының төртінші жарыс күнінде Қазақстан ұлттық құрама спортшылары пара садақ атудан, пара оқ атудан, пара үстел теннисінен, пара дзюдодан, пара велоспорттан (трек), пара жүзуден, пара пауэрлифтингтен, арбадағы теннистен, пара таеквондодан, боччадан, пара жеңіл атлетикадан сынға түсті. Төртінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы 7 медаль (2 алтын, 1 күміс және 4 қола) жеңіп алды. Осылайша, V Азия Пара ойындарында ел құрамасының жалпы жүлде саны 21 медальға жетті. Оның ішінде 5 алтын, 6 күміс және 10 қола бар.

    Бексұлтан Құлмырза пара дзюдодан Азия Пара ойындарының чемпионы атанды
    Еліміздің жүлделер қатары пара дзюдодан тағы бір алтын медальмен толықты. J2 класында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде татамиге шыққан Бексұлтан Құлмырза финалдық белдесуде кореялық Ким Донхунды иппонмен жеңіп, Азия Пара ойындарының чемпионы атанды. Сонымен қатар татами шеберлеріміздің төрт өкілі қола медаль үшін белдескен еді. J2 класында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Даяна Федосова сингапурлық Хун Джоан Хуэй Синді иппонмен жеңіп, қола жүлдегер атанды. J2 класында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ғалымжан Смағұлұлы ирандық Реза Голамиді жеңіп, қола медаль еншіледі. Ал Бауыржан Арстанбеков (J1, -81 кг ) Динара Куджулова (J1, - 70 кг), қарсыластарына жол берді.
    Диас Кенжебек пара жүзуден Азия рекордын жаңартып, чемпион атанды

    V Азия Пара ойындарында қазақстандық пара жүзуші Диас Кенжебек алтын медаль жеңіп алып, Азияның жаңа рекордын орнатты. Ерлер арасында S10 санаты бойынша 100 метрге шалқалап жүзу сайысының финалында Диас Кенжебек 1 минут 1,98 секунд нәтижемен мәреге бірінші болып жетті. Осылайша ол Азияның бұған дейінгі 1 минут 3,73 секундтық рекордын жаңартты. Сонымен қатар, Диас Кенжебек пара жүзуден ерлер арасында 200 метрге кешенді жүзу сайысында күміс медаль жеңіп алған еді. Ол финалда 2:21.61 секунд нәтижесін көрсетіп, екінші орынға тұрақтады. Ерлер арасында S6 санатында 100 метрге еркін жүзуден өткен финалдық жарыста Ержан Сәлімгерейев төртінші орынға тұрақтады. Ал Бекасыл Қасымбек сегізінші орын иеленді. Әйелдер арасында S6 санатында 100 метрге еркін жүзуден өткен финалдық жарыста Наталья Звягинцева 1:30.98 секунд нәтижесімен бесінші орынға тұрақтады. Ал Зарина Мурзагалиева 1:36.31 секунд көрсеткішімен алтыншы орын иеленді.

    Қазақстан пара үстел теннисінен Азия Пара ойындарының алғашқы медальдарын жеңіп алды
    Ұлттық команда өкілдері Ардақ Нұрмағамбетов пен Әли Махулбеков пара үстел теннисінен қола медаль иеленді. Ардақ Нұрмағамбетов Үндістан спортшысы Сандип Дангиді 3:0 есебімен жеңсе, Әли Махулбеков жартылай финалда Чжао Шуайға 0:3 есебімен жол берді. Осылайша, қазақстандық спортшылар пара үстел теннисінен Азия Пара ойындары тарихындағы еліміздің алғашқы медальдарын жеңіп алды.

    Пара садақ атудан W1 командасы финалда
    W1 категориясы бойынша Нұршат Төлеуқасым мен Темірлан Сейітқамал финалға жолдама алып, алтынға таласпақ. Спортшыларымыз шешуші сайысқа ертең 21-ші қазанда түседі. Сондай-ақ, жарыс нәтижесі бойынша Нұршат Төлеуқасым Оңтүстік Корея спортшысы Хам Тэджинді 7:3 есебімен жеңіп, қола медаль үшін таласқа жолдама алды. Сайыс 22 қазанда өтеді. Ал Кішен Жасұлан индонезиялық Холлидинге (0:6), Маржан Сәбит үндістандық Бхавнаға (0:6), Арлан Атейбеков қытайлық Жанг Юченге (136:149), Жанат Айтимова, Айзада Сейдан сингапурлық Алим Нур Сияхидахқа (139:143), Темірлан Сейітқамал тайландтық Самутчаяхкидж Субхаватқа (4:6) есе жіберді.

    Пара таеквондо
    Бүгін пара таеквондодан Айбек Жұманғали (- 63 кг), Кәмиля Досмалова (- 57 кг), Дінмұхаммед Асқар (- 70 кг) және Марьям Салимгереева (- 65 кг) жарыс жолына шықты. K44 классында өнер көрсеткен Айбек Жұманғали алғашқы жекпе-жегінде ауғанстандық Мұхаммед Тамам Шарифиден 2:0 есебімен басым түсті. Алайда ширек финалда моңғолиялық Ганбат Болор-Ерденеге (0:2), ал жұбаныш жекпе-жегінде Зухриддин Тохуроқаға (1:2) есе жіберді.

    Кәмиля Досмалова ширек финалда өзбекстандық Камолахон Расуловаға (1:2), кейін жұбаныш белдесуінде непалдық спортшыға жол берді. Ал Дінмұхаммед Асқар жұбаныш жекпе-жегінде моңғолиялық спортшыдан 0:2 есебімен жеңілді.

    Пара пауэрлифтингтен Гүлім Құрманбаева мен Гаухар Өмірзақова үздік бестікке енді
    Әйелдер арасында 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Гүлім Құрманбаева 111 келі нәтижемен төртінші орын иеленді. Алтын медальді 124 келі көтерген Қытай спортшысы Сяо Пэйцзин жеңіп алды. Өзбекстан өкілі Насиба Ташпулатова 123 келі нәтижемен күміс жүлдегер атанса, Қытай спортшысы Ланг Юронг 113 келі көрсеткішпен қола медаль иеленді. Ал 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Гаухар Өмірзақова 101 келі нәтижемен бесінші орынға тұрақтады. Бұл салмақта алтын медальді 129 келі көтерген Өзбекстан өкілі Муслима Нуриддинова жеңіп алды. Қытай спортшысы Сицзя Чэнь 126 келі нәтижемен күміс жүлдеге ие болса, Индонезия өкілі Шебриони 115 келі көрсеткішпен қола медаль иеленді.

    Пара нысана көздеу: Севда Алиева Азия пара ойындарының финалында алтыншы орынға тұрақтады
    Пара нысана көздеуден 10 метрге пневматикалық тапаншамен ату бойынша SH1 класында өнер көрсеткен Севда Алиева финалда алтыншы орынға тұрақтады. Қазақстандық спортшы іріктеу кезеңінде 560 ұпай жинап, төртінші нәтиже көрсетті. Осылайша, үздік сегіз спортшының қатарына еніп, финалға жолдама алған болатын. Шешуші кезеңде отандасымыз 131 ұпай жинап, алтыншы орынға тұрақтады.

    Пара велоспорт: Қазақстандық спортшылар финалда бақ сынады
    Әйелдер арасындағы финалдық жарыста Анастасия Калаус пен Полина Братчикова 1:14.845 секунд нәтижесімен бесінші орынға тұрақтады. Ал Жұлдыз Қайнарова мен Анжела Соловьева 1:14.899 секунд көрсеткішімен алтыншы орын иеленді. Ерлер арасындағы финалда Наиль Ермуханбет пен Руслан Алиев сегізінші орынға тұрақтады.
    Пара жеңіл атлетика
    Ерлер арасында F51/F52/F53 санаттары бойынша диск лақтырудан өткен финалда Махамбет Серікқалиев 18.12 метр нәтижесімен төртінші орын иеленді. Ал ерлер арасында T13 санатында 100 метрге жүгіруден өткен іріктеу кезеңінде Ислам Сәлімов 12.26 секунд нәтижесімен алтыншы орын алды. T20 санатында 400 метрге жүгіруден өткен финалда Дастан Ордабай 57.17 секунд көрсеткішімен жетінші орынға тұрақтады.

    Бочча
    BC1 санатында өнер көрсеткен Қуаныш Асқарбеков топтық кезеңде Сингапур спортшысы Джовин Танға 3:5 есебімен есе жіберді. Ал ширек финалда малайзиялық Мұхаммад Сяфаға жол берді. BC4 санатындағы жекелей сында Эльмира Мусралиева Қытай өкілі Линь Симэйден 1:5 есебімен жеңіліп, Таиланд спортшысы Нуанчан Фонсиламен кездесуде 3:4 есебімен ұтылды. Ал BC2 санатында бақ сынаған Итиана Шыңғысханова плей-офф кезеңінде Оңтүстік Корея өкіліне жол берді. Айта кетейік, бочча жарысына 22 елден 85 спортшы қатысуда. Қазақстан намысын бес спортшы қорғап жатыр. Алда ұлттық құрама өкілдері жұптық және командалық сайыстарда да өнер көрсетеді.

    Арбадағы теннис
    Quad санатындағы ширек финалда Евгений Быков Хуан Чу-инге 1:2 есебімен есе жіберді (6:3, 4:6, 1:6). Бұған дейін ол алғашқы айналымда Оңтүстік Корея өкілі Ли Ён-бэні 2:0 есебімен жеңген болатын (6:4, 6:2). Open санатында Ердәулет Кадымбергенов екінші айналымда жапониялық Ода Токитоға 0:2 есебімен жол берді (0:6, 0:6). Осыған дейін ол алғашқы айналымда ол Ван Вэй-сюаньді 2:1 есебімен жеңген еді (7:5, 2:6, 6:3).

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі" жаңалықтары