20 қазанда Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында қазақстандық пара жүзуші Диас Кенжебек алтын медаль жеңіп алып, Азияның жаңа рекордын орнатты.
Ерлер арасында S10 санаты бойынша 100 метрге шалқалап жүзу сайысының финалында Диас Кенжебек 1 минут 1,98 секунд нәтижемен мәреге бірінші болып жетті. Осылайша ол Азияның бұған дейінгі 1 минут 3,73 секундтық рекордын жаңартты.
Екінші орынды Жапония спортшысы Акито Мина (1:05.13), ал үшінші орынды оның отандасы Юмето Идо (1:07.64) иеленді.
Бұл – Қазақстан құрамасының V Азия Пара ойындарындағы бесінші алтын медалі.







