Эпилепсия — қайталанатын эпилепсиялық ұстамалармен сипатталатын созылмалы неврологиялық ауру. Бұл дерт адамның күнделікті белсенділігін шектеп, еңбекке қабілеттілігіне және қоғамға бейімделуіне әсер етуі мүмкін.
Медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) пациенттің денсаулық жағдайын, тіршілік-тынысының шектелу дәрежесін бағалау және мүгедектікті белгілеу қажеттілігін анықтау мақсатында жүргізіледі.
Сараптама барысында эпилепсиялық ұстамалардың жиілігі мен ауырлығы, ұстамаға қарсы емнің тиімділігі, когнитивтік бұзылыстардың, психикалық ауытқулардың және басқа да асқынулардың болуы ескеріледі. Сонымен қатар адамның өзін-өзі күту, өздігінен қозғалу, білім алу және еңбек ету қабілеті бағаланады.
Медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту үшін медициналық құжаттар, неврологтың қорытындысы, электроэнцефалография (ЭЭГ) нәтижелері және диагнозды, сондай-ақ аурудың ағым ерекшеліктерін растайтын басқа да тексерулердің қорытындылары қажет.
Эпилепсия диагнозының болуы өздігінен мүгедектік белгілеуге автоматты түрде негіз болмайтынын атап өткен жөн. Шешім әр адамның жағдайына жеке тәртіппен қарау арқылы, ағза функцияларының бұзылу дәрежесі мен тіршілік-тынысының шектелу деңгейін ескере отырып қабылданады.
Медициналық-әлеуметтік сараптаманың негізгі мақсаты — адамның денсаулық жағдайын жан-жақты бағалап, оның әлеуметтік қолдауға қажеттілігін анықтау және қоғам өміріне толыққанды араласуына мүмкіндік жасау.








